«Заң мен тәртіп»: Жамбыл облысында қылмыс деңгейі төмендеді

Бүгін, 10:59 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жедел кеңесте 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ жеке құрам арасындағы қызметтік тәртіп пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеңесті ашқан Қайсар Сұлтанбаев басшылық құрамға Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрі жүктеген міндеттерді жеткізіп, жаңа Конституцияда бекітілген "Заң және тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету ішкі істер органдары қызметінің басты бағдары болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар ол Конституцияда әрбір адам ұсталған кезде оның құқықтары мен бостандығын шектеу негіздерін түсіндіру міндеті бөлек бекітілгенін айтты. Бұл норма халықаралық тәжірибеде "Миранда қағидасы" ретінде кеңінен белгілі.

Кеңейтілген ІІМ алқа отырысында Ішкі істер министрі алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындап, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ қызметтік тәртіп пен қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылғанын жеткізді.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жедел-қызметтік жұмыста оң нәтижелерге қол жеткізілді. Өңірде құқық бұзушылықтардың жалпы деңгейі 16,4 пайызға төмендеді. Қылмыстардың барлық негізгі санаттары бойынша төмендеу байқалады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар – 48,5 пайыз, ауыр қылмыстар – 18,3 пайыз, орташа ауырлықтағы қылмыстар – 7,2 пайыз, онша ауыр емес қылмыстар – 17,6 пайыз, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар – 23,1 пайыз азайды.

Ауыл тұрғындары үшін аса өзекті қылмыс түрлерінің бірі болып саналатын мал ұрлығына қарсы күреске ерекше көңіл бөлінді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мұндай қылмыс саны 25,6 пайызға төмендеді.

Интернет-алаяқтық деректерінің тіркелуі 7,8 пайызға азайғанына қарамастан, қылмыстық схемаларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларды анықтау жұмыстарын күшейту, сондай-ақ банк мекемелерімен және байланыс операторларымен өзара іс-қимылды жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету желісінде де оң динамикаға қол жеткізілді. Жол-көлік оқиғаларының саны 12,6 пайыз, қаза тапқандар саны 7,1 пайыз, зардап шеккендер саны 11,8 пайыз азайды.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – басты міндет болып қала бермек. Осыған байланысты, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары тек статистикалық деректерді талдаумен шектелмей, әрбір жол апатының себептерін жан-жақты зерделеуге негізделуі тиіс екені айтылды. Әрбір апат қаупі жоғары учаске бойынша жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған инженерлік, ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралар кешені әзірленуі қажет.

Цифрлық технологияларды одан әрі енгізуге де ерекше назар аударылды. Басым бағыттардың қатарында қылмыстарды ашу және жедел есептегі адамдарды ұстау мақсатында интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін барынша тиімді пайдалану, есірткі қылмыстарын анықтау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, сондай-ақ заманауи бейнежетондарды пайдалану аясын кеңейту бар.

Полиция қызметкерлері арасында қызметтік тәртіпті нығайту, заңды сақтау және адалдық қағидаттарын орнықтыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Барлық деңгейдегі басшыларға жеке құрамға бақылауды күшейту, жол берілген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру тапсырылды.

Кеңес қорытындысында Қайсар Сұлтанбаев "Заң және тәртіп" қағидаты тек қылмыстардың жолын кесу мен оларды ашуды ғана емес, ең алдымен олардың алдын алуды, қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруды және азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуды білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, ішкі істер органдары жұмысының басты көрсеткіші халықтың қауіпсіздігі мен азаматтардың өздерін тыңдайтынына, қорғайтынына және қажетті көмек көрсетілетініне деген сенімі болуы тиіс.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

қылмыс Жамбыл облысы Заң мен Тәртіп