Астанада Telegram желісі арқылы есірткі сатқан күдікті ұсталды

Бүгін, 10:13 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

«Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Астана қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz

Күдікті Telegram мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған.

Тінту барысында, сондай-ақ бұрын жабдықталған жасырын орындарды тексеру кезінде орау материалдары, zip-lock пакеттері және төрт килограмнан астам синтетикалық есірткілер – α-PVP мен мефедрон тәркіленді.

Бұл елорда аумағында таралуына жол берілмеген 12 мыңнан астам бір реттік доза. Заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы - алдын алынған қылмыстар, аман сақталған адамдардың өмірі.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ішкі істер министрлігі есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.