Алматы облысының Ұйғыр аудандық соты сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемденіп алу және ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың анықтауынша, 2024 жылғы маусым айында ер адам жәбірленушімен ай сайын 200 мың теңге ақы төлеу шартымен 16 бас жылқыны бағу жөнінде ауызша келісім жасаған. Сонымен қатар оған пайдалануға киіз үй мен мотоцикл де берілген.
Алайда 2024 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы наурыз аралығында айыпталушы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті өз қалауынша пайдаланған: оның бір бөлігін сатып жіберген, бір бөлігін сыйға тартқан, ал қалғанын үшінші тұлғаларға берген. Соның салдарынан жәбірленушіге 11,8 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Сотта айыпталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ тергеу барысында жиналған өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Үкім шығару кезінде сот айыпталушының жасаған ісіне өкінгенін және келтірілген залалды өз еркімен өтегенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленіп, жаза мерзімі бойы жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбек атқару міндеті жүктелді.
Бұдан бөлек, сотталған азаматтан Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 86 500 теңге мөлшерінде міндетті төлем өндірілді.