"Надан болып өмірден өткім келмейді": 87 жастағы қария университетке оқуға түсті

9 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Румынияда 87 жастағы зейнеткер көпшілікті таңғалдырды. Яссы қаласының тұрғыны Виорел Пинтилеску зейнет жасында үйде тынығып отырудың орнына университетке оқуға түсуге бел буған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қария Яссы өмір туралы ғылымдар университетіне қабылдау науқаны басталған алғашқы күні-ақ құжат тапсырған. Ол Ауыл шаруашылығы факультетінің "Биология" мамандығы бойынша бакалавриаттың күндізгі бөліміне түскісі келеді.

1939 жылы дүниеге келген Виорел Пинтилеску жоғары білім алуды бұрыннан армандағанын айтады. Бірақ жас кезінде түрлі жағдайларға байланысты бұл мақсатына жете алмаған. Енді ол қалған уақытын бос өткізбей, білім алып, ой-санасын сергек ұстағысы келеді.

Журналистер оның мұндай жаста университетке түсуіне не себеп болғанын сұрағанда, зейнеткер білімнің адам өміріндегі маңызын ерекше атап өткен.

"Мен университетке түстім. Бар болғаны осы. Адам өмірден надан күйде өтпеуі керек. Білім адамды байытады. Үйде бос отырып, ұйықтап немесе уақытты бекер өткізгеннен гөрі, оқыған әлдеқайда жақсы", – деді ол.

Қарияның айтуынша, оқу оған жалғыздықты ұмытып, өмірге деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Ол университетке қабылданса, барлық дәріске тұрақты қатысуға дайын екенін жеткізді.

Виорел Пинтилескуді болашақ курстастарымен арадағы үлкен жас айырмашылығы да алаңдатпайды. Керісінше, жастармен бірге оқу оған жаңа күш пен шабыт береді деп сенеді.

87 жастағы румыниялық зейнеткер осылайша білім алуға ешқашан кеш емес екенін дәлелдегісі келеді. Оның сөзінше, адам үшін ең маңыздысы – жас емес, үйренуге деген құлшыныс.

Тэгтер:

Румыния