АҚШ ғалымдары қатерлі ісік жасушаларын операциясыз, химиотерапиясыз емдеуге жақын қалды

Бүгін, 20:00 / Ербұлан Қайрат

АҚШ ғалымдары қатерлі ісік жасушаларын операциясыз, химиотерапиясыз және сәулелік емсіз жоюға мүмкіндік беретін жаңа әдіс әзірледі. Әзірге технология зертханалық және жануарларға жүргізілген сынақтарда ғана тексерілгенімен, зерттеушілер енді оны адамдарға сынауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әдіс «молекулалық балға» (molecular jackhammer) деп аталады. Ол медицинада бұрыннан қолданылып жүрген аминоцианин молекулаларына негізделген. Бұл молекулалар ісік жасушаларына жабысып, инфрақызыл сәуленің әсерінен секундына шамамен 40 триллион рет тербеле бастайды. Осындай қарқынды механикалық діріл қатерлі ісік жасушасының қабығын бұзып, оны бірнеше минут ішінде жояды.

Зерттеу нәтижелері алғаш рет 2023 жылдың соңында Nature Chemistry журналында жарияланды. Жұмысты Райс университеті, Texas A&M университеті және Техас университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген. Кейін, 2024 жылы Advanced Science журналында технологияның жетілдірілген нұсқалары сипатталған тағы бір зерттеу жарық көрді. Онда әдісті қатерлі ісіктің әртүрлі түрлеріне бейімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде әдіс жоғары тиімділік көрсетті. Меланомамен ауырған жануарлардың жартысында ісік толық жойылған.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл тәсілдің басты ерекшелігі – оның химиялық емес, механикалық әсерге негізделуі. Сондықтан қатерлі ісік жасушаларының оған төзімділік қалыптастыру ықтималдығы төмен болуы мүмкін.

Сонымен қатар ғалымдар әзірге барлық нәтижелер зертханалық жағдайда және жануарларға жүргізілген тәжірибелерден алынғанын ескертеді. Әдістің адамдарда қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз болатынын анықтау үшін клиникалық сынақтар өткізілуі қажет.