Полиция Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталған сәттің видеосын көрсетті

Бүгін, 22:00 / Жамбыл Жайлау
Tengrinews.kz

Астана полициясы бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталған сәті түсірілген видеоны жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгін спортшы мас күйде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаттары салдарынан бірнеше көлікке зақым келген. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota Land Cruiser көлігін басқарған Елеусінов бірнеше автокөлікпен соқтығысқаннан кейін оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полиция оны көп ұзамай ұстаған.

Әлеуметтік желіде спортшыға тиесілі делінген көліктің суреті де тарады. Кадрлардан күңгірт түсті Toyota Land Cruiser 250 Prado жол талғамайтын көлігінің қатты зақымданғанын көруге болады. Негізгі соққы көліктің сол жақ алдыңғы бөлігіне тиген: бампері қирап, капоты мен қанаты майысқан, фарасы сынған, ал дөңгелек тұсындағы пластик бөлшектері жұлынып қалған.

Бұған дейін Астананың әкімшілік соты Елеусіновке қатысты шешім шығарған еді. Сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы және Азияның екі дүркін чемпионы. Кәсіпқой бокста ол жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы және IBF Inter-Continental чемпионы атақтарына ие болған.

Тэгтер:

Жол апаты бокс Данияр Елеусінов