Аралас жекпе-жек шебері Мұхит Амантаев қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот оған 20 АЕК, яғни 86,5 мың теңге көлемінде айыппұл салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, файтер көпшілік алдында әдепсіз сөздер айтып, айналасындағы адамдарға құрметсіздік танытқан. Осыған байланысты оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылды.
Әкімшілік істі қараған сот Амантаевты кінәлі деп танып, айыппұл төлеуге міндеттеді. Ол бұл соманы бір ай ішінде өтеуі тиіс.
Сот барысында спортшы өз кінәсін толық мойындаған. Полиция жариялаған видеода Мұхит Амантаев көпшілікке үндеу жасап, қоғамдық орында сөзге абай болуға шақырды.
"Қоғамдық орында байқап сөйлеңіздер. Заң бәрімізге ортақ", – деді ол.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзып, айналадағы адамдарға құрметсіздік танытқандар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.