Абай облысында 4 автокөлік апатқа ұшырады

Бүгін, 16:58 / Алуа Арман

Абай облысында төрт көлік ол апатына ұшырап, салдарынан жеңіл автокөліктің жолаушысы қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты бүгін, 9 шілде күні сағат 08:40 шамасында Алматы – Өскемен тас жолының 885-шақырымында, Жарма ауданының Жарма ауылы маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Volkswagen Polo автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде назарын басқа жаққа аударып, рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Кейін жол апатына Toyota Windom жеңіл көлігі мен DAF жүк көлігі де қатысқан.

Соқтығыс салдарынан Volkswagen Polo көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бірнеше адам түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Абай облысының Полиция департаменті жүргізушілерге көлік басқару кезінде барынша мұқият болу қажеттігін еске салды. Ведомствоның мәліметінше, ұялы телефон пайдалану, хат алмасу, көлік ішінен зат іздеу және назарды басқа жаққа аударатын кез келген әрекет жол-көлік оқиғасының қаупін айтарлықтай арттырады.

Сондай-ақ жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға және көлік қозғалысы кезінде ешнәрсеге алаңдамауға шақырды.

Тэгтер:

Жол апаты Абай облысы