Батыс Қазақстан облысында Қазталов аудандық ветеринариялық станциясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты. Ол 106 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот мәліметінше, айыпталушы бірнеше жыл бойы ақшаны өзінің есепшотына заңсыз аударып, кейін оны құмар ойындары мен букмекерлік кеңселерде бәске тіккен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың анықтауынша, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлға болып саналатын бас бухгалтер 2021–2025 жылдар аралығында қызметтік өкілеттігін заңсыз баю мақсатында пайдаланған. Тергеу барысында оның жалақы, сауықтыру жәрдемақысы және іссапар шығындары ретінде жалған әрі негізсіз көбейтілген төлемдерді рәсімдеп отырғаны анықталды. Осылайша ол бюджеттен 106 647 070 теңгені заңсыз иемденген.
Іс материалдарына сәйкес, жымқырылған қаражаттың барлығы айыпталушының жеке қажеттіліктеріне, нақтырақ айтқанда, құмар ойындарына қатысуға және букмекерлік кеңселер арқылы бәс тігуге жұмсалған.
«Сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында алынған заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді. Б. өз кінәсін толық мойындады. Қазталов аудандық соты жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысының мән-жайын, өтелмеген аса ірі мөлшердегі залалды ескере отырып, Б.-ны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлкі тәркіленіп, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға тыйым салынды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот 105 736 100 теңге көлеміндегі азаматтық талап-арызды да қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.