Жамбыл облысында жасөспірімнің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Бүгін, 15:11 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында болған қайғылы оқиға туралы алғаш рет әлеуметтік желілерде жарияланды. Кейін бұл ақпаратты полиция растады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне қатысты мән-жайлар тексеріліп жатыр. Тараған мәліметке сәйкес, әңгіме Қордай ауданының Сортөбе ауылында тұрған, 2008 жылы туған жасөспірім туралы болып отыр.

Жасөспірімнің қазасы туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде жарияланған. Онда жергілікті билік өкілдерінің оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермегені де айтылған.

Сұрау салудан кейін бұл ақпаратты Жамбыл облысы Полиция департаменті растады. Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы – өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады полиция департаменті.

Әзірге жергілікті билік өкілдері бұл қайғылы оқиғаға қатысты басқа ресми түсініктеме берген жоқ.

Тэгтер:

Жасөспірім қылмыстық іс Жамбыл облысы