Маңғыстаудағы теміржол стансасында қызметкердің мәйіті табылды

Бүгін, 11:55 / Інжу Әлихан
Фото: gov.kz

Маңғыстау облысындағы теміржол стансаларының бірінде айырма кезекшісі жұмыс орнында қайтыс болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Lada.kz мәліметінше, 5 шілде күні таңертең Маңғыстау облысындағы №13 теміржол айырымында 1983 жылы туған станса кезекшісі өмір белгілерінсіз табылған.

Бұл ақпаратты Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

– Теміржол ұйымы қызметкерінің кенеттен қайтыс болу фактісі бойынша Маңғыстау стансасындағы көліктегі полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлады ведомство.

Алдын ала мәлімет бойынша, қызметкердің өліміне созылмалы жүрек ауруы себеп болуы мүмкін.

Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері шақырылған. Дәрігерлер келген кезде қызметкердің қайтыс болғанын тіркеген.