Қарағанды облысында өзін өрт қауіпсіздігі қызметінің маманы ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді алдап келген күдіктінің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 37 жастағы азамат ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің мұқият ойластырылған алаяқтық схеманы қолданғаны анықталды. Ол кәсіпкерлерге телефон шалып, өзін Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қауіпсіздігі қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлік нысандарындағы өртке қарсы дабыл жүйелерін шұғыл жаңарту қажеттігін айтқан.
Сонымен қатар талап орындалмаған жағдайда қомақты көлемде айыппұл салынатынын алға тартып, кәсіпкерлерге психологиялық қысым көрсеткен. Осылайша сенімге кірген күдікті өртке қарсы дабыл қондырғыларын нарық бағасынан әлдеқайда арзан бағамен жеткізіп бере алатын адамдарды танитынын айтып, тапсырысты өзі ұйымдастыруды ұсынған.
Нәтижесінде жәбірленушілердің қаражатын өзінің жақын туысы мен танысының банк шоттарына аудартып отырған.
Маусым айында осындай әрекеттің құрбаны болған жергілікті кәсіпкер полицияға жүгінген. Алаяқтың әрекетінен кәсіпкерге 200 мың теңгеге жуық материалдық шығын келтірілген.
Жедел әрекет еткен полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция ескертеді: соңғы уақытта өзін полиция, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура немесе басқа да мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдауға тырысатын алаяқтардың әрекеті жиілеп кетті. Егер сізге бейтаныс адам хабарласып, "арнайы операция жүргізіліп жатыр", "ақшаңызды қауіпсіз шотқа аудару қажет" немесе қандай да бір қызмет үшін шұғыл түрде ақша төлеуді талап етсе – оның сөзіне сенбеңіз.
Мемлекеттік органдар ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді және "қауіпсіз шот" деген ұғым жоқ. Қырағылық танытып, жеке және банк деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Күмәнді жағдай болса, бірден 102 арнасына хабарласыңыз.