Сарапшылар «Әділет» партиясында жаңа мәдениет пен креативті экономиканы дамыту жолдарын талқылады

Бүгін, 09:46 / Інжу Әлихан
«Əділет» партиясының баспасөз қызметі

«Əділет» партиясында «Жаңа мəдениет жəне ұлттың қалыптасуы» тақырыбында стратегиялық сессия өтті. Ғылым, білім беру, креативті индустрия, экология жəне қоғамдық даму салаларының сарапшылары адами капиталды нығайтуға жəне заманауи құзыреттерді дамытуға бағытталған ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Əділет» партиясы Саяси Кеңесі Бюросының мүшесі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Лəззат Шыңғысбаева адами капиталды дамыту үшін заманауи білім беру жобалары мен өңірлердегі бастамаларды қолдау қажет екенін атап өтті. 

«Ғылым жəне жоғары білім министрлігімен бірлесіп ауқымды AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – заманауи білім алғысы жəне дамығысы келетін жүз мың қазақстандық азаматты даярлауға арналған бағдарлама. Біз өңір тұрғындарының қандай шығармашылық жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жəне оған қандай инфрақұрылым қажет екенін анықтаймыз», – деді Лəззат Шыңғысбаева.

Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов елдің ұзақ мерзімді дамуын қоғамдық институттардың сапасымен, заң үстемдігімен жəне тарихи жадының сақталуымен байланыстырды. Оның пікірінше, азаматтық жауапкершілікті нығайту барысы ғылым, білім беру жəне мəдениет салаларын дамыту ісімен қатар жүруге тиіс.

Сондай-ақ жастар қауымының бастамаларын, білім беру саласын, креативті экономиканы жəне медиаортаны дамыту мəселелеріне де баса назар аударылды. Сарапшылар жауапты қоғам қалыптастырудың негізгі элементтері ретінде жаңа экономикаға қажет кадрлар даярлау, креативті индустрияға қолдау көрсету, кітап оқу мəдениетін, медиасауаттылықты жəне қоғамдық диалогты дамыту мəселелерін талқылады.

Тағы бір маңызды тақырып – экологиялық мəдениет. Қатысушылар экологиялық мониторинг жүргізу жұмысын цифрландыру, қалдықтарды қайта өңдеу ісін дамыту, экологиялық деректердің ашықтығын арттыру жəне шешім қабылдау барысында ғылыми əзірлемелерді кеңінен пайдалану мəселелері бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

Стратегиялық сессия қорытындысы бойынша қатысушылар барлық ұсынысты жинақтап, оларды алдағы уақытта жан-жақты қарауға жəне партияның сараптамалық жұмысы барысында пайдалануға уағдаласты.

Тэгтер:

«Әділет» партиясы