Ұлыбритания патшасы қанша салық төлейтінін жария етті

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: CNN

Ұлыбритания королі III Чарльз тарихта алғаш рет жеке табысы бойынша төлеген салық көлемін жариялады. Корольдің қаржылық есебіне сәйкес, ол 2024-2025 жылдары жеке активтерінен түскен табыс пен капитал өсіміне байланысты 12,9 миллион фунт стерлинг салық төлеген. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,7 миллион фунт болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осылайша, таққа отырғаннан бері III Чарльздың төлеген салығы 30 миллион фунттан асып, оны елдегі ең ірі салық төлеушілердің қатарына қосты.

Сонымен қатар, Уэльс ханзадасы Уильям 2024-2025 жылдары 7,76 миллион фунт стерлинг көлемінде салық төлегені белгілі болды.

Сондай-ақ сарайдың қаржылық есебінде корольдік міндеттерді атқаруға бөлінетін мемлекеттік қаржы Sovereign Grant көлемі де артатыны хабарланды. 2027-2028 қаржы жылынан бастап оның көлемі 99,9 миллион фунтқа дейін ұлғаяды. Бұл 2024-2025 жылғы 51,8 миллион фунтпен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Букингем сарайының мәліметінше, салық туралы ақпаратты жариялау – III Чарльздың жеке бастамасы. Король осылайша қоғам алдындағы ашықтықты күшейтуді көздеп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім корольдік отбасының қаржысына қатысты қоғамдық қызығушылықтың артуымен және соңғы жылдары монархияның беделіне әсер еткен даулы оқиғалардан кейін халық сенімін нығайту мақсатында қабылданған.

Тэгтер:

Ұлыбритания салық патша