Алматыда полиция қызметкерлері көшеде ауыр жарақатпен жүрген ер адамды құтқарды. Оны қолында пышақ пен кірпіш ұстап жүрген жерінен өтіп бара жатқан адамдар байқап, бірден полицияға хабар берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға таң алдында Алатау ауданындағы «Шаңырақ-2» ықшам ауданында болған. Алматы полициясының Жедел басқару орталығына үсті-басы қанға боялған ер адамның жүргені туралы хабарлама түскен. Куәгерлер оның бір қолында пышақ, екінші қолында кірпіш болғанын айтқан.
Патрульдік полиция экипажы оқиға орнына бірнеше минут ішінде жетті. Ақпарат расталып, ер адамның ауыр жарақат алғаны және көп қан жоғалтқаны анықталды. Жедел жәрдем келгенге дейін тәртіп сақшылары оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қан кетуін тоқтатуға көмектесті.
Кейін зардап шеккен азамат дәрігерлерге тапсырылып, полиция қызметкерлерінің көмегімен ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас күйде болған. Оның айтуынша, туған күнді атап өту кезінде дастарқан басында жанжал шығып, кейін ол төбелеске ұласқан. Салдарынан ер адам жарақат алған.
Қазір Алатау аудандық полициясы оқиғаның мән-жайын және жанжалға қатысқан адамдарды анықтап жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.