Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың аралас жекпе-жек залындағы жаттығу видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбаны Dar Team ММА командасының бапкері Оразәлі Алдибаев жариялаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Видеода Сметовтың ММА жаттығу залында дайындалып жүргені көрінеді. Бапкер жазбаға әзіл аралас пікір қалдырып, көпшіліктің назарын аударды.
"Олимпиада чемпионы енді UFC белбеуін иеленгісі келеді", – деп жазды ол әлеуметтік желіде Елдос Сметовты белгілеп.
Алайда кейін белгілі болғандай, дзюдошының UFC-ге ауысуы туралы әңгіме әзіл ретінде айтылған. Dar Team командасының бапкерлерінің бірі, Шавкат Рахмоновтың тәлімгері Эдуард Базровтың сөзінше, Сметов ММА мамандарымен бұрыннан бері жаттығып келеді.
"Елдоспен 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ол бізге жалпы дене дайындығы жиынына келді. Бір ай бойы қолғаппен, лапамен жұмыс істеп, серпіліп қайту үшін дайындалады", – деді Базров.
Айта кетейік, Елдос Сметов – Қазақстан тарихындағы ең табысты дзюдошылардың бірі. 33 жастағы спортшы Олимпиада ойындарының барлық жүлдесін жеңіп алған. Ал 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын медаль иеленіп, ел тарихына енді.