"Қайрат" Чемпиондар лигасының жаңа маусымындағы алғашқы матчта жеңіске жетті

Бүгін, 22:07 / Жамбыл Жайлау
"Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметі

Қазақстандық "Қайрат" футболшылары УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 маусымын жеңіспен бастады. Алматы командасы өз алаңында Черногорияның "Сутьеска" клубын ұтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарсыластар басты еурокубоктың бірінші іріктеу кезеңі аясында кездесті. Екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойыны Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, алаң иелерінің 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды.

"Қайрат" сапынан алғашқы голды бұрыштама добынан кейін бразилиялық қорғаушы Лукас Африко 76-минутта соқты. Ал қонақтар 90-минутта черногориялық шабуылшы Марко Мрвальевичтің дәл соққысынан кейін есепті теңестірді.

Матчтың соңғы нүктесін 90+3-минутта испаниялық шабуылшы Марк Гуаль қойды. Оған қазақстандық вингер Исмаил Бекболат нәтижелі пас берді.

Командалар арасындағы қарымта матч Черногорияның Никшич қаласында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні сағат 00:00-де басталады.

Екі матчтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтіп, Никосияның кипрлік "Омония" клубымен кездеседі. Ал жеңілген команда маңызы жағынан үшінші еурокубок саналатын Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне түседі.

Өткен маусымда "Қайрат" өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққан еді. Бұл жетістікті қайталау үшін Қазақстан чемпиондары төрт іріктеу кезеңінен өтуі керек.

Тэгтер:

Футбол Қайрат