Жетісу облысында әлеуметтік желіге жарияланған қауіпті жарнамалық роликтен кейін полиция бірнеше адамды жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция мәліметінше, Талдықорған қаласының 19 жастағы тұрғыны бизнесін жарнамалау мақсатында жол үстінде видео түсірген. Кадрларда қыз жүріп келе жатқан көліктің терезесінен сыртқа еңкейіп, сусын ішіп, кейін қоқысты жолға лақтырғаны көрінеді.
Аталған бейнежазба әлеуметтік желілерге тарағаннан кейін құқық қорғау органдары тексеру жүргізген. Нәтижесінде оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығы анықталды.
Полицияның хабарлауынша, қыз қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал көлік жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзғаны және жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны үшін шара қолданылған.
Жетісу облыстық полиция департаменті әлеуметтік желіде танымал болуға тырысу заң бұзуға немесе жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіруге себеп болмауы керек екенін ескертті.
Ведомство мұндай әрекеттер видеоға қатысушылардың өзіне ғана емес, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіретінін атап өтті. Сондай-ақ полиция блогерлер мен контент жасаушыларды жарияланатын материалға жауапкершілікпен қарап, қаралым мен лайк үшін өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігін тәуекелге тікпеуге шақырды.