Павлодар қаласындағы Сәтбаев көшесіндегі реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде шұғыл шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігі 76 жастағы әйелді қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, жүргізуші көк түсті жарқылдақ шамдары мен арнайы дыбыс белгісін қосып, бірінші санаттағы шұғыл шақыртуға бара жатқан кезде «зебрадан» өтіп бара жатқан зейнеткер әйелді қағып кеткен.
«103» қызметінің мамандары зардап шеккен әйелге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны №1 қалалық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлердің мәліметінше, әйелдің жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Оған екі сирағының сынуы, денесінің көгеруі мен сырылған жарақаттары диагнозы қойылған.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты оқиғаға қатысушылардың әрекеттеріне тексеру жүргізіліп жатыр.