Олжас Бектенов өңір әкімдеріне гидронысандарды жаңғырту жұмысын күшейтуді тапсырды

Бүгін, 12:43 / Інжу Әлихан
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Су кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Онда су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің Президенттің су саласын жаңғырту, жаңа су қоймаларын салу үшін су үнемдеудің озық технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларын орындау жөніндегі есептері тыңдалды. Сондай-ақ Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізуге назар аударылды.

Премьер-министр кәсіби мерекесі қарсаңында су саласының қызметкерлерін құттықтап, өңірлердің тұрақты дамуы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында олардың еңбегі стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде жалпы қаржыландыру көлемі 3,2 трлн теңге болатын 160 іс-шара жүзеге асырылуда.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2024-2025 жылдары Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында 5 су қоймасын қайта жаңарту аяқталғанын баяндады. 1,5 мың шақырымға жуық каналға жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілген, 1 млн адамға жуық халықты қамтитын ауыз сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 22 жоба жүзеге асырылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны шамамен 5 есеге жуық өсіп, қолдану алқабы 550 мың гектарға жетті, бұл шамамен 880 миллион текше метр суармалы суды үнемдеуге мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта су қоймаларын салу және реконструкциялау, ұзындығы 14,5 мың шақырым суару каналдарын жаңғырту, оның ішінде кемінде 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, саланы цифрландыру және кадрлық әлеуетті нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

2026 жылы шамамен 1 мың шақырым каналды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 200 мың гектарға жуық суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартады. Сонымен қатар сумен жабдықтау объектілерін салу және реконструкциялау бойынша 12 жоба іске қосылады. Нәтижесінде жалпы саны жарты миллионнан асатын халқы бар 142 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Саланы кадрлармен қамтамасыз ету және су шаруашылығы саласындағы жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында сала мамандарын даярлайтын оқу орындарының желісі кеңейтілді, білім беру гранттарының саны жыл сайын ұлғайтылып келеді. 2023 жылдан бері 1 652 грант бөлінді. Алдағы оқу жылына тағы 1 000 грант бөлу жоспарланып отыр. Кадр саясатының негізгі бағыттарының бірі – еңбекақыны арттыру. Соңғы 2,5 жылда «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі еседен астам өсті.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұрғанын және су нысандары мен су шаруашылығы инфрақұрылымы туралы деректерді біріктіретін саланың бірыңғай цифрлық экожүйесінің негізін қалыптастырып отырғанын баяндады. Жүйе су теңгерімін жүргізуді, су пайдалануды есепке алу мен талдауды, су қоймаларының жай-күйіне мониторинг жүргізуді, сондай-ақ ғарыштық мониторинг пен трансшекаралық су объектілері бойынша деректерді пайдалануды қамтамасыз етеді. Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі республикалық бюджет қаражатын тартпай-ақ, Еуразиялық даму банкінің гранттық қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Ақпараттық жүйеде 17 758 өзен, 3 148 көл, 3 927 мониторингтік ұңғымалар және 1 209 гидротехникалық құрылыстар бойынша мәліметтер көрсетілген. Цифрлық тізілімге су шаруашылығы және гидротехникалық құрылыстардың 10 мыңнан астам паспорты енгізілді, сондай-ақ арнайы су пайдалану бойынша 6 мыңнан астам есеп қабылданды.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлерде бірқатар жобаны жүзеге асыру кешіктіріліп жатқанын атап өтті.

«Облыс әкімдіктері жергілікті бюджеттер есебінен қаржыландырылатын іс-шараларды басым тәртіппен қаржыландыруды қамтамасыз етуі қажет. Тиісті шығыстар өңірлік бюджеттерді қалыптастыру және нақтылау кезінде уақтылы көзделуі тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Кешенді жоспардың орындалуына мониторингті күшейтуді, әрбір іс-шараның орындалу мерзімдері мен қаржыландыру көлеміне бақылауды қатаңдатуды тапсырамын. Барлық проблемалық мәселелер бойынша Үкіметтің қарауына нақты ұсыныстар мен шешімдер уақтылы енгізілуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі жұмысқа назар аударып, бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу жоғары қарқынмен жүзеге асырылуы тиіс. Әкімдіктер бұл мәселеге ерекше назар аударуы керек.

Сонымен қатар Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді: