Ақмола облысының Зеленый Бор ауылында болған күшті дауыл қайғылы жағдайға ұласуға шақ қалды. Нөсер жаңбыр мен бұршақ аралас соққан қатты жел бес қабатты тұрғын үйдің шатырының бір бөлігін жұлып әкетті. Табиғат апатының салдары бейнежазбаға түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әкімдік мәліметінше, оқиғадан кейін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу қажетті шаралар қабылданған. Қауіп төндірген зақымданған шатыр бөліктері жедел түрде бөлшектеліп, алынып тасталды.
«Аумағы 60 шаршы метр болатын шатырдың бір бөлігі тұрғындардың өз қаражаты есебінен 2025 жылдың қыркүйегінде жабылған. Тұрғындардың айтуынша, бұған дейінгі жұмсақ жабындысы жарамды күйде сақталған. Еңіс шатырды қалпына келтіру жұмыстарын пәтер иелері осы жылдың шілде айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында», – деп мәлімдеді Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері.
Зеленый Бор ауылдық округі әкімі аппаратының хабарлауынша, оқиға орнына әкімдік қызметкерлері мен №9 өрт сөндіру бөлімінің мамандары дереу барып, шатырдың зақымданған бөліктерін бөлшектеу бойынша апаттық жұмыстар жүргізген.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстары тұрғын үй иелерінің жауапкершілігіне жатады. Өз кезегінде Зеленый Бор ауылдық округі әкімі аппараты бұл мәселені шешу үшін тұрғындарға қажетті ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді», – деп атап өтті ведомство.
Қазіргі таңда жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.