Боксшы Мұхит Амантаевқа қарсы әкімшілік іс қозғалды

7 шілде, 2026 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Қазақстандық бокс жаттықтырушысы әрі ММА файтері Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін дауға қалды. Видеода спортшының сахнада тұрып былапыт сөз айтқаны естіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Алматыда өткен IBA Nomad 15 аралас жекпе-жек турнирінің алдында болған.

Желіде тараған видеода Амантаевтың қарсыласына қоқан-лоқы сипатында сөз айтқанын байқауға болады.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Іс материалдары сотқа жолданды. Енді спортшыға қандай жаза қолданылатынын сот шешеді.

"Айналадағыларға құрметсіздік білдіретін және қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекет заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады", – деп ескертті елордалық полиция департаменті.

Мұхит Амантаевтың өзі де болған жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Заң алдында бәрі тең. Әркім өз әрекеті үшін жауап беруі керек", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

39 жастағы Мұхит Амантаев – Тараз қаласының тумасы. Ол бокс жаттықтырушысы, бұрын жол полициясында қызмет еткен, сондай-ақ полицейлер арасында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы. Соңғы жылдары ол әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы көпшілікке кеңінен танылды.

Айта кетейік, 4 шілде күні Алматыда өткен IBA Nomad 15 турнирінде Мұхит Амантаев "Мотиватор" лақап атымен танымал Ануарбек Бекембетовтен техникалық нокаутпен жеңіліп қалды.

Тэгтер:

Мұхит Амантаев