Өзбекстанның Әндіжан қаласында сирек кездесетін қуанышты жағдай тіркелді. 6 шілде күні жергілікті перзентханалардың бірінде бесем дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Әндіжан қаласындағы "Қайрағочтош" махалласының тұрғыны Наргиза Бекжанова көпұрықты жүктілік диагнозымен №2 перзентханаға жеткізілген. Дәрігерлер әйелге кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдаған.
Ота акушер-гинекологтар, неонатологтар мен реаниматологтардың қатысуымен сәтті өтті. Нәтижесінде бес нәресте аман-есен жарық дүние есігін ашты. Олардың үшеуі – қыз, екеуі – ұл бала.
Кейін анасы мен сәбилер Республикалық ана мен бала денсаулығы орталығының Әндіжан облыстық филиалына ауыстырылды. Қазір ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Олар дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Министрлік дерегінше, бұл өңірде көпұрықты босану жағдайы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Өткен айда да осы орталықтың Әндіжан облыстық филиалында төртем дүниеге келген.