1 шілдеде жаңа Ата Заң күшіне енді. Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күннен бастап елімізде мемлекеттік басқару жүйесіндегі ауқымды реформалар басталатынын мәлімдеді.
– Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда Қазақстан халқы ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдауын жасады. Миллиондаған отандасымыз берекелі бірлік танытып, шынайы отаншылдық пен жоғары жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық, – деді Президент.
Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мемлекет басшысы мұның символдық мәні зор екенін айтты.
– Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата Заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі. Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ. Біз бірлігі бекем, біртұтас ұлт ретінде әлемдік өркениеттің шыңын бағындырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа Конституцияға сәйкес, Қазақстанда қос палаталы Парламенттің орнына заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – бір палаталы Құрылтай құрылады. Оның құрамына 145 депутат енеді. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл. Алғашқы Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Сонымен қатар елде қоғамдық диалогтың жаңа форматы – Халық Кеңесі құрылады. Ол елдің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады.
Еске сала кетейік, Президент 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Сенатты таратып, Парламентті бір палаталы ету туралы бастама көтерген болатын. Алайда талқылау барысында жекелеген мемлекеттік институттарды ғана емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесін кешенді түрде реформалау қажет деген шешім қабылданған еді.
Жандос Шаймарданов,
Президент жанындағы ҚСЗИ директоры:
Құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады
– Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – ауқымды конституциялық реформаның аяқталуы ғана емес, сонымен қатар елдің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталуы. Біз күшті институттарды дамытуға, саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық саланы дәйекті жаңғыртуға негізделген жаңа тарихи кезеңге қадам бастық.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – қоғам болып атсалысып, жан-жақты сараланып, кәсіби сараптамалық жұмыстың нәтижесінде қабылдануы. Ата Заңды әзірлеуге Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссияның қызметі негіз болды. Бұл құрылымдар ғылым өкілдерін, мемлекеттік органдарды, депутаттық корпусты, саяси партияларды, азаматтық қоғам институттарын және сарапшылар қауымдастығын біріктірді. Азаматтардан келіп түскен мыңдаған ұсыныс құжаттың соңғы редакциясын әзірлеу барысында жан-жақты қарастырылды. Мұндай тәсіл жаңа Конституцияның қоғамдық легитимділігін едәуір күшейтіп, Қазақстандағы конституциялық құрылыс ашық диалог пен кең қоғамдық консенсус қағидаттарына негізделетінін айқын көрсетті.
Жаңа Конституция институционалдық өзгерістер шеңберінен әлдеқайда кең екенін баса айту қажет. Ол жаңа мемлекет моделінің құндылығын айқындайды, мұнда бірінші орында – адам, оның құқығы, бостандығы мен қадір-қасиеті. Осылайша, адамға бағдарланған қағидат тек саяси декларация ретінде ғана емес, мемлекеттік саясаттың мазмұнын айқындайтын конституциялық принцип ретінде бекітіліп отыр.
Сонымен қатар Ата Заң конституциялық құндылықтардың жаңа жүйесін қалыптастырады. Мемлекеттік егемендік, аумақтық тұтастық, унитарлық құрылым және мемлекеттің зайырлы сипаты сияқты дәстүрлі қағидаттармен қатар, әділеттілік, заң мен тәртіп, әлеуметтік ынтымақтастық, этносаралық және конфессияаралық келісім ерекше маңызға ие болуда. Аталған құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі олардың құқық шығармашылық және құқық қолдану тәжірибесі үшін негізгі бағдарға айналатынын білдіреді.
Елдің стратегиялық даму ресурстарын түсінудегі тәсілдердің өзгеруі де – аса маңызды. Бұған дейін негізгі назар дәстүрлі түрде табиғи ресурстарға аударылса, жаңа Конституция білім беру, ғылым және инновациялар арқылы адами капиталды дамытуды басым бағыт ретінде бекітеді. Осылайша, мемлекеттің бәсекелесуге қабілеті қоғамның зияткерлік әлеуетімен, білім сапасымен және инновацияларды қалыптастыру қабілетімен айқындалатын даму моделіне көшуді мақсат етпекпіз.
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – оның қазіргі технологиялық сын-қатерге бейімделгені. Конституциялық деңгейде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғауға кепілдік беріліп отыр. Бұл цифрландыруды тек технологиялық үдеріс ретінде ғана емес, сонымен қатар жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және конституциялық құқықты қорғаудың жаңа тетіктерін талап ететін құқықтық үдеріс ретінде түсіну деген сөз.
Мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін күшейту жаңа конституциялық модельдің маңызды элементтерінің бірі ретінде айқындалды. Конституцияда мемлекеттік органдардың жұмысына салғырт қарағаны үшін жауапкершілікке тартатын, сондай-ақ билік органдарының заңсыз шешімдері немесе іс-әрекеттері салдарынан келтірілген залалды өтеуге кепілдік беретін нормалар бекітілген. Осылайша, қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің басты белгілерінің бірі саналатын мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі қағидаты едәуір нығая түседі.
Мәди Мырзағараев,
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
Жаңа Конституцияны тек заңгер
ретінде емес, азамат ретінде де маңызды деп бағалаймын
– Жаңа Конституция – мемлекеттің өз-өзіне жаңа талап қоюы. Бұл билік құрылымын қайта сызу ғана емес, мемлекет пен халықтың арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге жасалған талпыныс. Конституциялық комиссия 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылып, жоба ашық талқылауға шығарылды, азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары eGov және e-Otinish арналары арқылы жинақталды. Бұл құжаттың ішкі философиясына қарасақ, оның өзегінде бір іргелі ой тұр: мемлекет адам үшін жұмыс істейді. Бұл – мағынасы тереңде жатқан қағида. Өйткені нағыз құқықтық мемлекет адамды жүйеге бейімдеуге емес, жүйені адам құқығын қорғауға бейімдеуге тиіс. Жаңа Конституция ресми түсіндірмелерде де адамды, оның өмірін, құқығы мен бостандығын ең жоғары құндылық ретінде бірінші орынға қояды. Егер осы қағида кейін заңдарға, сот тәжірибесіне, мемлекеттік шешімдердің мәдениетіне шын мәнінде сіңсе, онда бұл құжаттың тарихи маңызы зор болмақ.
Заңгер әрі адвокат ретінде мен үшін бұл Конституциядағы ең маңызды жаңалықтың бірі – адвокатура мәртебесінің конституциялық деңгейде танылуы. Мұны кейбіреулер тек қана адвокаттардың кәсіби мәртебесін көтеру деп қабылдауы мүмкін. Бірақ мен бұған мүлде басқаша қараған дұрыс деп ойлаймын. Бұл – адвокаттарға берілген артықшылық емес, азаматтарға берілген қосымша кепілдік. Себебі сотта, тергеуде, жалпы құқық қорғау жүйесінде адамның тағдыры көбіне оның қалай қорғалатынына байланысты болады. Егер қорғаушы тәуелсіз, батыл, кәсіби және процессуалдық тұрғыдан нақты қорғалған болса, онда азаматтың да құқығы әлдеқайда сенімді қорғалады. Сондықтан адвокатураны конституциялық кеңістікке шығару белгілі бір мамандық иелерін емес, әділ сотқа мұқтаж қоғам позициясын күшейту. Ресми түсіндірмелерде де бұл норманың мақсаты әркімнің білікті заң көмегіне қол жеткізуін конституциялық деңгейде нығайту екені айтылған.
Тағы бір аса маңызды жаңалық – цифрлық кеңістіктегі адамның құқығын қорғау мәселесінің көтерілуі. Қазір өміріміздің едәуір бөлігі нақты өмірде емес, цифрлық ортада өтіп жатыр. Банк операциялары да, сауда да, құжат айналымы да, оқу да, байланыс та, тіпті күнделікті тұрмыстағы қарапайым қызметтер де цифрлық жүйемен біте қайнасып кетті. Мұндай жағдайда адамның жеке өмірі мен дерегін қорғау – бүгінгі күннің талабы. Ата Заң бойынша цифрлық құқық пен дербес деректі қорғауға ерекше мән берілуі – заман шындығын мойындау. Бұл жерде мәселе тек технологияда емес, адамның қадір-қасиетінде болып отыр. Адамның үйі қалай қорғалса, оның дерегі де солай қорғалуға тиіс. Себебі цифрлық кеңістікке қол сұғу – шынайы өмірге қол сұғудың жаңа түрі. Жаңа Конституцияда адам құқығы, жеке өмір, құқықтық кепілдіктер мен заманауи қауіпке жауап беру логикасы айқын көрінеді.
Мен үшін шын мәнінде жаңалық болған, тіпті белгілі бір мағынада революциялық норма – мемлекеттің заңсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі салдарынан келтірілген зиянды өтеуге берілетін кепілдіктің күшеюі. Көп адам мұндай норманы бір қарағанда қарапайым норма ретінде қабылдауы мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – үлкен өзгеріс. Өйткені азамат мемлекеттік органның қателігінен, заңсыз шешімінен, салғырттығынан зардап шексе, ол «өз мәселең» деп сыртта қалмауы керек. Мемлекет жауап беруге тиіс. Осындай қағиданың конституциялық деңгейде көрініс табуы шенеуніктің де, органның да әр шешіміне басқаша қарауға мәжбүр етеді. Бұл – сот реформасына, әкімшілік әділетке, құқықтық мәдениетке тікелей әсер ететін ұстаным. Жай сөз емес, құқықтың нақты нәтижеге айналуы.
Ата-ана ретінде мен қолдайтын маңызды бағыттың бірі – білім беру мен тәрбие кеңістігінің зайырлы сипатының айқын бекітілуі. Мектеп – ең алдымен білім, тәртіп, азаматтық мәдениет, ойлау еркіндігінің орны. Бала санасы әлі қалыптасу үлгермегендіктен, мектеп пен тәрбие кеңістігі әртүрлі ықпалдан барынша таза болуы керек. Зайырлылық дегеніміз дінге қарсы тұру емес. Зайырлылық дегеніміз – мемлекет ешбір баланы діни немесе өзге идеологиялық қысым алаңына айналдырмайтынына кепілдік беру деген сөз.
Сол сияқты отбасы институтына қатысты нормалардың нақтылануы да қоғамдық айқындық үшін маңызды. Неке мәселесінде мемлекеттің құқықтық ұстанымы анық, түсінікті және ресми тіркеуге негізделген болуы қоғамдағы екіұштылықтың алдын алады. Мұндай нормалар құқықтың анық, түсінікті болуына жағдай жасайды, ал ол – тұрақтылықтың бір шарты.
Жалпы алғанда, бұл Конституцияны мен тек заңгер ретінде емес, азамат ретінде де маңызды құжат деп бағалаймын. Өйткені Конституция жай баптардың жиынтығы емес. Ол – мемлекеттің адамға, адам құқығына қандай көзқараста екенін көрсететін айна. Егер онда азаматтың қорғалуы, абыройы, дерегі, отбасы, баласының қауіпсіздігі, соттағы теңдігі, мемлекеттен өтем талап ете алу құқығы нақты көрініс тапса, онда мұндай Конституция қоғамға жақындай түседі. Ал қоғамға жақындаған Конституция ғана шын мәнінде өміршең болады.
Менің ойымша, жаңа Конституцияның тарихи миссиясы да осы: ол Қазақстанды сырт көзге ғана заманауи мемлекет етіп көрсету емес, ішкі мазмұны жағынан да азаматқа арқа сүйейтін, жауапты, құқықтық, салмақты мемлекетке айналдыруға тиіс. Егер біз осы рухты сақтай алсақ, онда бұл расында да жаңа дәуірдің басы болмақ.
Жұмабек Сарабеков,
саясаттанушы:
Саяси жүйе бір күнде өзгеріп кетпейді
– 1 шілдеде Елімізде жаңа Конституция күшіне енді. Менің ойымша, бұл құжатты тек заңнамалық өзгеріс ретінде ғана емес, елдің саяси жүйесін, жалпы мемлекеттік басқаруды жаңартуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарау керек. Себебі Конституция – кез келген мемлекет үшін ең басты құжат. Ол елдің негізгі ережелерін, билік институттарының қалай жұмыс істейтінін, азаматтардың құқығы мен міндетін, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаларын айқындайды.
Әрине, жаңа Конституция қабылданды екен деп саяси жүйе бір күнде өзгеріп кетпейді. Дегенмен де жаңа құжат жаңа ережелерді қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақыттағы басты мәселе – осы ережелердің іс жүзінде қалай орындалатынында.
Мысалы, Ата Заңымыздың аясында елдегі билік жүйесі қайтадан жасақталатыны белгілі. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару құрылымында мүлдем жаңа институттар пайда болады – Құрылтай, Халық Кеңесі, вице-президент. Сондай-ақ Конституцияны талқылау кезінде айтылған басты идея – өзгерістердің барлығы билік пен қоғам арасындағы байланысты жақсартуға, саяси жүйеміздің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
Сондықтан алдағы уақытта осы жаңа институттардың қалай жұмыс істейтіні конституциялық реформаның нақты нәтижелерінің басты көрінісі болмақ. Құрылтай шынайы ашық пікірталас алаңына айнала ма? Мемлекеттік органдардың жұмыс сапасы қаншалықты жақсарады? Азаматтардың ұсынысы мен сыни пікірі нақты шешімдерге қаншалықты әсер ете алады?
Сонымен қатар көп нәрсе азаматтардың өз белсенділігіне де байланысты болады. Егер қоғам жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік шешімдерге бейжай қарамаса, қоғамдық бақылау күшейсе, онда жаңа Конституцияның нақты әсері де жоғары болады. Яғни, өзгеріс тек билік тарапынан ғана емес, азаматтардың қатысуы арқылы да жүзеге асуы керек.
Сондықтан Жаңа Конституция саяси реформаның аяқталғанын емес, керісінше, оның жаңа әрі маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді.
Бұл – билік жүйесін жаңартуға, мемлекеттік басқаруды тиімді етуге және азаматтар мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге берілген үлкен тарихи мүмкіндік. Және осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет деп ойлаймын.
Елнар Берікбаев,
Президент жанындағы ҚСЗИ
Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы:
Қоғамдық келісімнің алғышарты
– 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл күн мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді. Конституция құқық нормаларының жай ғана жиынтығы емес, елдің бүгіні мен болашағы құрылатын құндылықтарды бейнелейтін қоғамдық шарт.
Жаңа Конституцияның ерекше құндылығы оны дайындау процесінің өзінде жатыр. Жоба кәсіби заңгерлерді, сарапшы қауымдастығының және азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тарта отырып, Конституциялық комиссия тарапынан әзірленді. Жұмыс барысында азаматтардан ұсыныстар келіп түсіп, түрлі тәсілдер мен құқықтық шешімдер талқыланды. Сондықтан жаңа Конституцияны шын мәнінде Халық Конституциясы деуге де болады. Жаңа Конституция кабинет-кулуарда емес, кең қоғамдық диалог пен кәсіби заңгерлік жұмыстың арқасында әзірленді.
Жаңа Ата Заңымызда зайырлы мемлекет қағидатына баса мән берілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің дерегі бойынша, елімізде 18 конфессияны білдіретін 3 999 тіркелген діни бірлестік бар. Қазақстан үшін зайырлылықтың конституциялық формуласы азаматтардың діни наным-сенімдері мен дүниетанымына қарамастан теңдігін қамтамасыз ететін кепілдік болып табылады. Зайырлы мемлекет дінді құрметтейді, бірақ өзін ешбір конфессиямен теңестірмейді. Ол әрбір адамға ар-ождан бостандығын қамтамасыз ете отырып, қоғамды қандай да бір идеологияны немесе діни үстемдікті таңудың кез келген әрекеттерінен қорғайды.
Қазақстан тарихы түрлі мәдениет, дәстүр мен наным-сенімге құрметпен қарау этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айқын көрсетеді. Жаңа Конституция бұл дәстүрді сақтап қана қоймай, мемлекеттің зайырлы сипатын ұлт дамуының бас негіздерінің бірі ретінде бекіте отырып, оны сапа тұрғысынан жаңа деңгейге көтереді.
Конституцияның елді білімге, ағартуға, мәдениетке, ғылымға және инновацияға бағдарлауы да аса маңызды. Қазіргі мемлекет күшті адами капиталсыз табысты бола алмайды. Сондықтан конституциялық модельдің орталығында – адам, оның қадір-қасиеті, құқығы, өзін-өзі дамытуы мен жемісті еңбек ету мүмкіндігі тұр.
Жаңа Конституция мемлекет институттарын жаңғыртуға, басқару тиімділігін арттыруға және тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын құқық негізін қалыптастырады.
Кез келген Конституция бүгінгі күннің сұрақтарына ғана жауап беріп қоймай, алдағы онжылдықтарға бағыт-бағдар беруі тиіс. Жаңа негізгі Заң құқық үстемдігі, білім, мәдениет, зияткерлік меншік және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік дамудың басты қағидаттарына айналатын құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Дәл осы берік негізде еліміз қоғамдық бірлікті сақтап, заманауи, ашық әрі бәсекеге қабілетті ел ретінде алға нық қадам баса алатынына сенімдімін.
Жансая Нұралы,
Қоғамдық саясат институтының сарапшысы:
Жаңа Конституцияның ең
маңызды нәтижесі құқықтық мәдениеттің өзгеруі
болуға тиіс
– Жаңа Конституцияның тиімділігі ең алдымен мәтіндегі нормалардың өмірде қалай орындалатынымен бағаланады. Бірінші көрсеткіш – адам құқықтарының қорғалуы. Азамат сотқа, мемлекеттік органға немесе Конституциялық сотқа жүгінгенде, оның құқығы қағаз жүзінде ғана емес, нақты шешім арқылы қорғалуы керек. Әлемдік тәжірибеде конституциялық реформаның салмағы дәл осы жерден көрінеді: Германия, Канада, Оңтүстік Корея сияқты елдерде Конституцияның беделі сот тәуелсіздігімен, құқықтық тұрақтылықпен және азаматтың мемлекетпен тең сөйлесе алуымен өлшенеді.
Екінші көрсеткіш – билік тармақтарының тепе-теңдігі. Жаңа саяси модель Парламенттің ықпалын күшейтіп, Үкіметтің көбірек есеп беруін міндеттеп, сот жүйесін саяси қысымнан қорғай алса, реформа нәтижелі деп бағаланады. OECD зерттеулерінде құқық үстемдігі, адам құқықтары және демократиялық басқару бір-бірімен тығыз байланысты екені көрсетіледі. Яғни, Конституция тиімді болуы үшін институттар бірін-бірі шектеп, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтуі қажет.
Үшінші көрсеткіш – азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі. Сотқа, құқық қорғау органдарына, әкімдіктерге, Парламентке сенім артпаса, ең озық конституциялық мәтіннің өзі қоғамда терең тамыр жая алмайды. World Justice Project индексінде Қазақстан 2025 жылы 143 елдің ішінде 66-орында, жалпы көрсеткіші 0,54 деп берілген. Бұл алдағы жылдары құқық үстемдігі, сот әділдігі, ашық үкімет, жемқорлықты тежеу сияқты бағыттар бойынша нақты өсім қажет екенін көрсетеді.
Төртінші көрсеткіш, заңдардың Конституцияға сәйкестігі. Конституция қабылданғаннан кейін кодекстер, салалық заңдар, мемлекеттік органдардың ішкі тәртібі соған сай өзгеруі керек. Егер азаматтың құқығы туралы бап бар, бірақ оны іске асыратын заң әлсіз болса, реформа толық жұмыс істемейді. Венеция комиссиясы мен OECD елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, конституциялық өзгерістің табысы қабылданған баптармен емес, кейінгі институционалдық орындалуымен өлшенеді.
Алдағы бес жылда жаңа Конституцияның ең маңызды нәтижесі құқықтық мәдениеттің өзгеруі болуға тиіс. Азамат өз құқығын талап етуден қорықпайтын, мемлекеттік орган шешімін түсіндіруге міндетті болатын, сот билігі нақты қорғаныс құралына айналатын кезең басталса, бұл реформаның басты жетістігі болады.
Меніңше, бес жылдан кейін негізгі мәселе «азамат Конституцияны күнделікті өмірінде сезінді ме?» деген сұраққа тірелетін болады. Егер адам сот әділ болатынына сенімді болса, шағымы қараусыз қалмаса, сайлауда дауысының маңызын сезінсе, меншік құқығы қорғалса, жеке дерегі сақталса, онда жаңа Конституция саяси құжат деңгейінен азаматтың нақты кепілдігіне айналады деп ойлаймын.