Батыс Қазақстанда жолдасын атқан аңшыға үкім шықты

Бүгін, 17:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Батыс Қазақстан облысында аңшы абайсызда өз жолдасын атып өлтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға өткен қыста далада болған. Екі таныс аң аулауға шығып, бірнеше қоян атып алғаннан кейін темекі шегу үшін аялдаған.

Демалып отырған кезде ер адамдардың бірі мылтығына қар жабысып қалғанын байқайды. Ол қарды тазаламақ болған сәтте абайсызда шүріппені басып кетіп, мылтық атылып кеткен. Сол сәтте оқтың бағытында оның жолдасы тұрған. Оқ ер адамның іш тұсына тиіп, алған жарақаты салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу бұл оқиғаны қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қылмыс ретінде саралады.

Сотталушының кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінгені, сондай-ақ оның кәмелетке толмаған балаларының бар екені ескерілді. Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың пікірі де назарға алынды.

Нәтижесінде сот ер адамды бас бостандығынан айыру жазасына кеспеді. Оған бір жарым жыл мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тэгтер:

оқ Батыс Қазақстан мылтық аңшы ату