Семейде жүйелі түрде ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Бүгін, 17:13 / Алуа Арман
polisia.kz

Семейде полиция бірнеше ұрлыққа қатысы бар күдіктіні ұстады. Полицияға қала тұрғындарынан сегіз арыз түскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олар жеке тұрғын үйлерден, шаруашылық құрылыстарынан, гараждардан, салынып жатқан үйден, кілем жуу цехынан мүліктің ұрланғанын, сондай-ақ тұрғын үй ауласынан велосипедтің қолды болғанын хабарлаған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 42 жастағы Семей тұрғынын анықтап, ұстады.

Тергеу мәліметінше, ол 2025 жылғы қараша мен 2026 жылғы мамыр аралығында Восточный кенті аумағында бірнеше ұрлық жасаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті нысандарға аспалы құлыптарды бұзып, есіктерді сындырып, пластик терезелерді күштеп ашу немесе еркін кіру мүмкіндігін пайдалану арқылы кірген.

Ұрланған заттардың қатарында құрылыс құралдары, теледидар, электр құралдары, PIT маркалы бензин арасы және Demix маркалы велосипед бар.

Анықталған эпизодтар бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын 770 мың теңгеден асты.

Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындап, жауап берді. Ұрланған мүліктің басым бөлігі тәркіленіп, қылмыстық істердің заттай дәлелі ретінде тіркелді.

Барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция азаматтарды өз мүлкін қорғау шараларын күшейтуге шақырады. Атап айтқанда, кіреберіс есіктері мен құлыптарды нығайту, бейнебақылау және дабыл жүйелерін орнату, сондай-ақ тұрғын үйлер мен саяжайлар маңында күдік тудыратын адамдарды байқаса, дереу полицияға хабарлау ұсынылады

Тэгтер:

ұрлық