Белгілі саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Конституциялық Соттың бірқатар лауазымды тұлғаларды қайта тағайындауға қатысты норманы қолдану тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды. Ол Конституциялық Соттың Президенттің қайта сайлануына қатысты түсіндірмесін елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды құқықтық қадам деп бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Биліктің ауысуына қатысты түрлі болжам елдің саяси ахуалына әсер етпей қоймайды. Мұндай жағдайда түрлі мүдделі топтар белсенді әрекетке көшеді. Сондықтан құқықтық нақтылық пен саяси тұрақтылық керек.
Бүгін Конституциялық Сот Президенттің қайта сайлану мерзіміне қатысты нормадан туындаған бүкіл мәселеге нүкте қойды. Бұл саяси элитаға жолданған нақты белгі. Осылайша, біраздан бері кейбіреудің ұйқысын қашырған мәселеге жауап беріліп, әртүрлі жорамалдарға құқықтық негізде тоқтау салынды.
Осы орайда, президенттің автоматты түрде үміткер атанбайтынын немесе алдағы саяси шешімдердің белгіленіп қоймағанын түсіну маңызды. Конституциялық Сот тек Конституцияда көзделген құқықтық мүмкіндікті түсіндірді. Ал кімнің мемлекет басшысы болатынын сайлау барысында халық таңдайды.
Бұл шешім саяси тұрақтылық пен ішкі тыныштықты сақтауға ықпал етеді. Конституциялық Сотқа жүгінудің басты мақсаты да дәл осында. Бұл ішкі саяси күштерге берілген астарлы белгі. Яғни, Қазақстанның мемлекеттік жүйесі берік. Бүкіл шешім заң аясында ғана қабылданады. Президент билігінің әлсіреуіне немесе саяси үрдістерді жасанды түрде жеделдетуге жол берілмейді", – делінген жазбада.