Әйгілі «Euronews» енді қазақ тілінде ақпарат таратпақ

Бүгін, 15:45 / Алуа Арман

Еуропадағы ең ірі, жетекші ақпараттық телеарна Euronews енді қазақ тілінде ақпарат таратпақ. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Брифингке Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид,  Euronews Astana бюросының жетекшісі Боян Бркич қатысты.

«Бүгін біз отандық медиа саласы мен мемлекеттік тілдің дамуында маңызды рөл атқаратын оқиғаға куә болып отырмыз. Тарихи кезең. Euronews халықаралық ақпараттық телеарнасы енді қазақ тілінде ақпарат таратады. Euronews-тің әлемнің жетекші ақпараттық телеарнасы екені баршамызға мәлім. Сондықтан мұндай телеарнаның қазақ тілінде ақпарат таратуы біз үшін үлкен мәртебе. Өздеріңіз білесіздер, қазір Euronews республика аумағында орыс тілінде хабар таратады. Енді интернет арнасында қазақ тіліндегі сұхбаттар мен  жаңалықтар шығады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «бұқаралық ақпарат құралдары – халықтың үні, қоғамның айнасы» екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан БАҚ-тың рөлі ерекше бағаланады. Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты міндеттер қойған. Соның ішінде заманауи, сапалы әрі бәсекеге қабілетті контент жасау міндеті бар. Біз қазіргі цифрлық технология замамында бәсекеге қабілетті болу үшін сұранысқа сай, маңызды, танымдық контент өндіруіміз керек», – деді Қанат Ысқақов.

Ол сондай-ақ бұл оқиғаның мемлекеттік тілдің дамуына серпіліс беріп, ақпараттық қауіпсіздікті нығайтатынын да атап өтті.

«Euronews арнасының қазақ тілінде ақпарат таратуы – заң талабы. Бұл біздің мемлекеттік тілдің дамуына үлкен серпіліс береді. Бұған қоса ақпараттық қауіпсіздігімізді нығайтады. Euronews арнасының қазақ тіліндегі бөлімінің ашылу сәті жаңа Конституцияның күшіне енген сәтімен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, Ата Заңымызда мемлекетіміздің мүддесіне, халықтың дәстүрін, құндылықтарын дәріптеуге баса мән берілген. Сондықтан бұл біз үшін үлкен дүние. Тағы бір айтар жайт, Euronews арнасы отандық медианың дамуына серпіліс береді», – деді ол.

 

 

 

Тэгтер:

Қанат Ысқақов Еуроньюс