Дархан Жазықбай БҰҰ алаңында Қазақстанның ЖИ-ді мемлекеттік басқаруда қолдану тәжірибесін таныстырды

Бүгін, 15:34 / Дана Ізтілеуова

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Женевада алғаш рет өтіп жатқан БҰҰ-ның Жасанды интеллектті басқару жөніндегі жаһандық диалогының (UN Global Dialogue on AI Governance) «ЖИ саласындағы алшақтықтарды еңсеру: әлеуетті арттыру, қолжетімділік және цифрлық негіздер» (Bridging AI Divides: Capacity-Building, Access and Digital Foundations) атты сессиясына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өз сөзінде Агенттік төрағасы жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа технологияларды тиімді әрі жауапты пайдалануға дайындығына тоқталды. Оның айтуынша, азаматтардың жасанды интеллектіге деген сенімі алгоритмдерге емес, мемлекеттің шешімдерді қаншалықты әділ, ашық және есепті түрде қабылдайтынына деген сенімнен басталады.
Қазақстанның нақты тәжірибесі ретінде Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті цифрлық трансформациялау нәтижелерін таныстырды.

Бүгінде e-Qyzmet цифрлық HR-платформасы 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні біріктіріп, 400-ден астам цифрлық HR-процесті қамтиды. Платформа 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған. Мемлекеттік қызметке іріктеу конкурстары толықтай онлайн форматта небәрі 5–7 жұмыс күні ішінде өткізіліп, ашық, бәсекелі әрі объективті іріктеуді қамтамасыз етеді.
Қазақстан мемлекеттік басқаруда Integrity by Design қағидатын басшылыққа алады. Кандидаттардың анонимдендірілген деректерін пайдалану, бірыңғай бағалау жүйесі, рейтингтердің автоматты түрде қалыптастырылуы және әрбір шешімнің цифрлық ізінің сақталуы субъективтілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Агенттік кадрлық деректерді талдау кезінде жасанды интеллект технологияларын қолданып, болжамды кадрлық жоспарлау мен мемлекеттік функцияларға аудит жүргізу бағытында жұмыс істеуде. Мемлекеттік секторда жасанды интеллектті енгізу қолжетімділік, адами бақылау және есептілік қағидаттарына негізделген.

«Жасанды интеллект шешім қабылдауға көмектесе алады, бірақ ол адамның жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Түптеп келгенде, мәселе технологияның мемлекетті өзгерте алатынында емес, мемлекеттің осы технологияларға қандай құндылықтар енгізетінде жатыр. Қазақстан ашықтық пен тең мүмкіндіктер қағидатын ұстанады және осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын», – деді Дархан Жазықбай.

Қазақстанның мемлекеттік қызметтегі цифрлық HR шешімдері мен инновациялық тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып келеді.