Алматыдағы тауда 4 мың метр биіктікке көтерілген турист қыздар құтқарылды

Бүгін, 12:38 / Інжу Әлихан
ТЖМ

Бүгін түнде 112 пультіне Сәтбаев шыңына көтерілген 2007 және 2008 жылы туған екі қыздың белгіленген уақытта оралмағаны және байланысқа шықпай жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Соңғы рет олардың орналасқан жері күндіз шың маңында тіркелген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің құтқарушылары жедел түрде оқиға орнына аттанды.

Құтқарушылар Үлкен Алматы көлі ауданына жеткеннен кейін Сәтбаев шыңы бағыты бойынша биік таулы маршрутты тексеруге кірісті.

Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында турист қыздар теңіз деңгейінен 4317 метр биіктікте, Сәтбаев шыңы маңындағы кемпинг аумағынан табылды. Олардың орналасқан жері анықталғаннан кейін құтқарушылар қыздарды қауіпсіз жерге дейін алып жүрді.

Іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды. Қыздарға медициналық көмек қажет болған жоқ.