Әлемде электр энергиясына деген сұраныс 2035 жылға қарай шамамен 30%-ға, ал 2050 жылға қарай 70%-ға жуық артуы мүмкін. Мұндай болжамды Bloomberg өзінің әлемдік энергетиканың дамуына арналған жаңа баяндамасында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшылардың болжамынша, сұраныстың негізгі өсімі жасанды интеллектінің, деректерді өңдеу орталықтарының (data center), электр көліктерінің және цифрлық өнеркәсіптің қарқынды дамуымен байланысты болады. Бүгінде деректерді өңдеу орталықтары әлемде өндірілетін электр энергиясының шамамен 2%-ын тұтынады. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш ғасырдың ортасына қарай екі есеге артады.
Сол себептен де жаңартылатын энергия көздерінің дамуы жеделдей түсуде. Алайда мамандар энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі үшін елдерге сенімді базалық электр энергиясын өндіру көздері қажет екенін атап көрсетеді.
Басылымның мәліметінше, атом электр стансалары мен жылу электр стансалары үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуде әлі де маңызды рөл атқарады. Сондықтан көптеген мемлекет жаңа атом электр станцияларын салуды және қолданыстағы жылу электр стансаларын жаңарту қажет деп санайды.
Олардың қатарында Қазақстан да бар. Себебі еліміз цифрлық экономикаға көшу аясында жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға және заманауи деректерді өңдеу орталықтарын құруға ниетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында энергетика саласында атқарылып жатқан келесі жұмыс туралы кеңінен айтқан болатын. Президент қарқынды өсіп келе жатқан экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланғанын тілге тиек етті. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ.
– Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз саналады. Мұны толық пайдалануымыз керек. Сондықтан биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды.
Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті, – деп сынады Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, ол атом энергетикасы жөнінде сөз қозғады.
– Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел саналады. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы жоба өте маңызды және күрделі екенін, сондықтан оны іске асыру кәсіби тәсілді және барлық халықаралық стандарттарды қатаң сақтауды талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол атом энергетикасын дамытумен қатар Қазақстан елдің барлық энергетикалық жүйесін жаңғыртуды және өндіруші қуаттарды ұлғайтуды жалғастыратынын еске салды.