Таиландтың Паттайя қаласында өткен күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Жас балуандарымыз құрлық додасында жалпы 18 медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Еркін күресте қазақстандық спортшылар екі алтын, үш күміс және екі қола медальға қол жеткізді. Чемпион атанғандар қатарында 61 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Асамбек пен 74 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Сейілбеков бар.
Күміс жүлдені Сұңқар Сейдахмет (70 келіге дейін), Бейбарыс Ерғали (92 келіге дейін) және Самир Дурсунов (97 келіге дейін) иеленсе, Айбек Қалиахмет (79 келіге дейін) пен Асхаб Хаджиев (86 келіге дейін) қола жүлдегер атанды.
Әйелдер күресінде Қазақстан қоржынына екі күміс пен үш қола медаль түсті. Жаңыл Бекен (65 келіге дейін) мен Ұлдана Тілеухан (68 келіге дейін) финалға дейін жетіп, күміс медаль жеңіп алды. Ал Динара Дауылқызы (53 келіге дейін), Анна Стратан (57 келіге дейін) және Айжан Мұратбай (59 келіге дейін) үздік үштіктен көрінді.
Грек-рим күресінде де қазақстандық балуандар лайықты өнер көрсетті. Бақдәулет Тұрсынбек (77 келіге дейін), Еркебұлан Анапия (82 келіге дейін) және Әлихан Тағаев (87 келіге дейін) күміс жүлдеге ие болды. Ал Әмірмұхаммед Қабулов (55 келіге дейін), Алпамыс Болатұлы (60 келіге дейін) және Максим Украинцев (97 келіге дейін) қола медаль еншіледі.
Осылайша, Қазақстанның жас балуандары U20 Азия чемпионатын 2 алтын, 8 күміс және 8 қола, жалпы 18 медальмен аяқтап, құрлықтық додадағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.