Эверест шыңында шамамен 30 жыл бойы жатқан, альпинистер арасында "Жасыл етік" (Green Boots) деген атаумен белгілі болған адамның жеке басы ресми түрде анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
ДНҚ сараптамасының нәтижесіне сәйкес, ол 1996 жылы Эверестке көтерілу кезінде қаза тапқан үндістандық альпинист Дордже Моруп болып шықты. Қайғылы оқиға кезінде оның жасы 47-де болған.
Бұл ақпаратты Үнді-Тибет шекара полициясы (ITBP) растады. Ведомствоның мәліметінше, биыл жазда альпинистің мәйітін Эвересттің теңіз деңгейінен 8 мың метрден жоғары орналасқан "өлім аймағынан" эвакуациялау жоспарланып отыр. Қазір мұндай күрделі операцияны жүргізе алатын мамандандырылған компания іздестірілуде.
Дордже Моруп 1996 жылдың 10 мамырында Эверестке солтүстік бағыт арқылы көтерілген алты адамнан құралған экспедицияның құрамында болған. Шыңға жақындаған кезде топ қатты қарлы боранға тап болады. Сол кезде үш альпинист кері қайтуды шешкенімен, Моруп тағы екі серігімен бірге өрмелеуді жалғастырған. Алайда көп ұзамай үшеуі де қаза тапқан.
Құтқару жұмыстарының аса қауіпті болуына байланысты оның денесін таудан түсіру мүмкін болмаған. Сөйтіп, мәйіт 30 жылдан астам уақыт бойы Эвересттің баурайында қалып қойған. Қар мен мұздың әсерінен дене жақсы сақталғандықтан, "Жасыл етік" солтүстік-шығыс жотасы арқылы көтерілетін альпинистер үшін белгілі бағдарлардың біріне айналған.
Көп жылдар бойы қаза тапқан адамның кім екені жөнінде түрлі пікір айтылып келді. Көпшілік "Жасыл етік" деген атпен сол экспедицияда қаза тапқан тағы бір үндістандық альпинист – Цеванг Палджорнің мәйіті белгілі деп есептеген. Алайда ДНҚ сараптамасы бұл болжамды жоққа шығарып, мәйіттің Дордже Морупқа тиесілі екенін нақты растады.