Алматы қаласында болған отбасылық жанжал қайғылы оқиғаға ұласты. Оқиға салдарынан 59 жастағы ер адам көз жұмды. Кісі өлтірді деген күдікпен оның 34 жастағы өгей ұлы ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға туралы хабар түнгі сағат үш шамасында Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінен 102 арнасына түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен.
Дәрігерлер зардап шеккен азаматтың өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, ол көптеген пышақ жарақаты мен көп қан жоғалтудың салдарынан қайтыс болған.
Күдікті оқиға болғаннан кейін көп ұзамай қолға түсті. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша, 34 жастағы өгей ұл отбасылық жанжал кезінде өгей әкесіне асүй пышағымен бірнеше рет соққы жасаған.
Полицияның хабарлауынша, күдікті жанжалдың анасына қатысты келіспеушіліктен кейін туындағанын айтқан. Алайда бұл мәліметтер тергеу барысында жан-жақты тексерілетін болады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.