2026 жылдың алғашқы алты айы Астана үшін қарқынды даму кезеңі болды. Экономикалық көрсеткіштердің өсуі, әлеуметтік инфрақұрылымның кеңеюі, көлік жүйесінің жаңаруы және қаланы абаттандыру жұмыстары елорданың жаңа даму қарқынын айқындады. Бүгінде Астана тек әкімшілік орталық қана емес, инвестиция мен инновация тоғысқан заманауи мегаполиске айналып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Экономика: инвестиция көлемі артты
Жылдың алғашқы төрт айында Астанаға тартылған негізгі капиталға инвестиция көлемі 588 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға өсті. Осы көрсеткіш бойынша елорда ел бойынша бірінші орында тұр. Оның ішінде 454,5 млрд теңге жеке инвестициялар есебінен тартылған. Қаражаттың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауда және логистика салаларына бағытталды. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қаланың экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етуде.
Білім беру: жаңа мектептер бой көтеруде
Елордадағы халық санының өсуіне байланысты білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары жалпы 44 мектептің ашылуы үш ауысымды мектеп мәселесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
Көлік жүйесі: LRT іске қосылды
Биылғы жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі – ұзақ жылдар бойы салынған жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) іске қосылуы болды. Жаңа желі халықаралық әуежайды «Нұрлы жол» теміржол вокзалымен байланыстырып, қаланың негізгі әкімшілік және іскерлік аудандары арқылы өтеді. Қазір екінші кезеңді дамыту жұмыстары қолға алынған. Бұл қоғамдық көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, жолдағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
«Биыл ЛРТ-ның екінші кезеңін Қосшы қаласына дейін создық. Егер осы қарқын сақталса, келесі жылдың соңына дейін Қосшыға дейін толық жеткіземіз. Қосшыдан күн сайын 20-25 мыңнан астам көлік қалаға кіреді. Сонымен қатар ЛРТ-ны Сығанақ көшесімен, Айтматов көшесіне дейін жеткіземіз. Айтматов көшесі бойымен екі бағытта жалғасады. Сондай-ақ Тұран көшесі арқылы бұрылып, ескі вокзалға дейін барады. Жалпы үш кезең толық іске асса, ЛРТ ұзындығы 100 шақырымға жетеді», — деген болатын қала әкімі «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қала көркейіп келеді
Абаттандыру жұмыстары да биыл қарқын алды. Жоспарға сәйкес, 173 аула мен қоғамдық кеңістік жаңартылып, қала бойынша 1,1 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызылуда. Жаяу жүргіншілер аймақтары көбейіп, саябақтар мен демалыс орындары жаңартылып жатыр. Бұл шаралар тұрғындарға жайлы әрі экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған.
«Негізгі жобалардың бірі – «Самал» саябағы аумағын жайлы ету. Мұнда спорт алаңдары, су айдыны, серуендеу орындары, жаяу жүргіншілер көпірі, балаларға арналған ойын алаңдары, белсенді демалыс орнатуға арналған орындар және басқа да нысандар қарастырылған.
Саябақ отбасылық, спорт және мәдени демалыс өткізуге арналған көпфункционалды аумақ ретінде жобаланып отыр. Ол қала тұрғындары үшін жаңа тартымды орталыққа айналады.
«Мыңжылдық» аллеясында үш жоба іске асырылады: Қуанышбаев атындағы театр алдында орналасқан сквер, вокзал маңындағы саябақ және «Нұрлы жол» вокзалының аумағы. Жұмыс аясында заманауи жаяу жүргіншілер маршруты, көгалдандырылған кеңістіктер және қаланың жаңа тартымды орындары ашылады.
Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының екінші кезеңінің құрылысы Төле би көшесінен Әнет Баба көшесіне дейін және Күлтегін көшесінен Айтматов көшесіне дейін жалғасады. Жоба аясында кешенді көгалдандыру, тоғандар жүйесі, ойын және спорт аймақтарын салу қарастырылған», – деді Ж.Қасымбек Мемлекет басшысына абаттандыру жоспары туралы жасаған баяндамасында.
Әлеуметтік инфрақұрылым нығаюда
Қалада мектептермен қатар балабақшалар, оқушылар сарайлары және медициналық нысандардың құрылысы жалғасып жатыр. 2028 жылға дейін 2 перинатальды орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ. Бұл халық саны артып келе жатқан елорданың әлеуметтік қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Жедел медициналық жәрдемді дамыту аясында жақын уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің (ҚДК) құрылысы аяқталады. Бұл жедел медициналық жәрдемнің қолжетімділігі мен көрсетілу жылдамдығының артуына мүмкіндік беріп, стационарлық көмектің флагманына айналады.
Сол сияқты «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қолдауымен Сарыарқа ауданындағы №3 жаңа көпбейінді қалалық аурухананың (КҚА-3) жобалау жұмысы жалғасып жатыр.
Балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмекке ерекше назар аударылады. 2026 жылдың 15 ақпанына дейін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Нұра және Есіл аудандары үшін балаларға арналған травматологиялық пункт жұмысын бастайды. Бұл оң жағалауда орналасқан қолданыстағы балалар травмпунктіне түсетін жүктемені едәуір азайтып, балаларға арналған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, елордада денсаулық сақтау саласына қатысты 11 жаңа нысанның құрылысы көзделген. Олардың қатарында республикалық орталықтар, көпсалалы ауруханалар, емханалар және қосалқы жедел жәрдем станциялары бар», – деді қала әкімі.
Магистральдардағы жүктемені азайту: елорданың жаңа көлік картасы
Астананың жол-көлік желісін дамыту көлік кептелістерін жоюға және жаңа аудандардың интеграциясын арттыруға бағытталған. 2026 жылы жалпы ұзындығы 60 шақырым 50-ге жуық көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар бірқатар стратегиялық маңызы бар нысандардың құрылысы қарқынды жалғасуда:
Тілендиев — Бейсекова жолайрығы:
Екі деңгейлі жолайрықта инженерлік желілерді тарту жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Көпірдің барлық 8 аралығы орнатылған. Биыл толық асфальт төселіп, барлық кіру-шығу жолдарымен бірге қозғалысқа ашылады.
Тәуелсіздік даңғылын жалғастыру:
Қабанбай батыр даңғылынан Е485 көшесіне дейінгі аралықта 8 жолақты магистраль құрылысының бірінші кезеңі жалғасуда. Жаңа жол Мәңгілік Ел және Тұран даңғылдарындағы көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді.
Төле би көшесін ұзарту:
Роза Бағланова көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі учаскеде асфальтбетон жабындысының төменгі қабаты төселіп, жол жиектері орнатылды. Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ақылды қалаға қадам
Астанада Smart City жобалары кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Цифрлық технологияларды пайдалану арқылы көлік қозғалысын басқару, коммуналдық қызметтердің тиімділігін арттыру және тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту бағытында жаңа шешімдер жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылдың алғашқы жартысында Астана экономикалық өсім, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жаңа мектептердің салынуы, LRT жобасының іске қосылуы, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктердің көбеюі және инвестиция көлемінің артуы елорданың тұрақты әрі жүйелі дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өзгерістер Астананың тек Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы заманауи әрі жайлы мегаполистердің біріне айналуына берік негіз қалайды.