Павлодардағы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жаяу Мұса көшелерінің қиылысында болған жол апаты салдарынан Geely Emgrand автокөлігінің жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жүргізуші қозғалыс кезінде қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған. Соның салдарынан көлікті басқара алмай, трамвай бағанына соғылған. Соққы салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапқан.
Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жол апатының нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Полиция жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтауға, жол жағдайын ескеруге және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстауға шақырды.