Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті "Қазгидромет" РМК-ның дауылды ескертуіне сәйкес хабарлама жасады.
Хабарланғандацй, 4 шілде күні Алматы қаласында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел соғады. Батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
"Іле Алатауының таулы аймақтарында (Медеу және Бостандық аудандары) жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел болжанып отыр. Жел батыстан және солтүстік-батыстан соғады, екпіні секундына 15-20 метр, күндіз кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
4-5 шілде аралығында нөсер жауын-шашынға байланысты таулы аймақтарда сел жүру қаупі сақталады.
Осыған байланысты Алматының төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды, дауылды ескерту кезеңінде тауға бармауды, автокөліктерді ағаштардың түбіне қоймауды, сондай-ақ әлсіз бекітілген құрылымдардың жанында тұрмауды және төтенше жағдайлар қызметінің ресми хабарламаларын қадағалап отыруды ұсынады.