"Қайрат" футбол клубы мен Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков Еуропа клубтарынан қызығушылық болғанын айтты. Ол бұл туралы "Бизнес под капотом" подкастында әңгімеледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Футболшының сөзінше, шетелдік агенттер тарапынан нақты ұсыныстар түскен. Олар еуропалық клубтардың қызығушылығы бар екенін айтып, түрлі нұсқалар ұсынған.
"Топ-агенттер де шықты. Олар өз талаптарын айтып, осындай клубтар шығып жатыр деді", – деді Анарбеков.
Алайда жас қақпашы трансфер мәселесінде асығыс шешім қабылдамаған. Оның айтуынша, ол "Қайрат" клубының ойыншысы болғандықтан, барлық ұсынысты клуб басшылығына бағыттаған.
Темірлан Анарбеков бұл ретте клуб басшысы Қайрат Боранбаевқа толық сенгенін жеткізді.
"Мен "Қайрат" клубына тиесілі болғандықтан, Қайрат Советайұлына бағындым. Сол себепті Қайрат Советайұлы: "Өзім шешем, ойыңды бөліп, уайымдама", – деді. Мен оған толық сендім", – деді қақпашы.
Футболшы қазіргі таңда бар назарын алдағы ойындарға аударып отырғанын айтты. Ол трансферге қатысты әңгімелердің өз ойынына әсер еткенін қаламайды.