"443 метр биіктікте сөз салды": Нью-Йорктегі жұптың әрекеті сотқа дейін жетті

Бүгін, 21:37 / Жамбыл Жайлау
SCANPIX / WABC-TV via AP

Нью-Йорктегі әйгілі Empire State Building ғимаратының ұшар басына шыққан Ангела Николау мен Иван Биркус әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 443 метр биіктікте Иван Биркус сүйіктісіне сөз салған. Алайда ерекше ұсыныстан кейін жұпты полиция ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

33 жастағы Ангела Николау мен 32 жастағы Иван Биркус биік ғимараттың ең жоғарғы бөлігіне көтеріліп, үлкен баннер жайған. Онда "Махаббат билікті жеңгенде, әлемде тыныштық орнайды" деген жазу болған. Жұп ғимарат басында шамамен 10 минут тұрған.

Кейін олар төменгі жақтағы алаңшаға түскен кезде Иван Биркус Ангела Николауға үйленуге ұсыныс жасаған. Қыз келісімін берген.

Алайда көп ұзамай екеуін Нью-Йорк полициясы ұстады. CBS телеарнасының мәліметінше, оларға адам өміріне қауіп төндіру, ғимаратқа заңсыз кіру, бөтен аумаққа рұқсатсыз өту және қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты бірнеше айып тағылған.

Қызығы, Empire State Building әкімшілігі жұптың әрекеті ғимараттағы тұрғындар мен келушілерге қауіп төндірмегенін мәлімдеген. Қазір Биркус пен Николау бостандықта. Олардың ісіне қатысты сот тыңдалымы тамыз айының соңында өтуі мүмкін.

Айта кетейік, бұл Ангела Николау мен Иван Биркустың алғашқы қауіпті әрекеті емес. Олар бұған дейін де әлемнің түрлі елінде биік нысандарға шығып, экстремалды трюктерімен танылған. 2024 жылы жұп Netflix платформасында жарық көрген "Skywalkers: A Love Story" деректі фильмінің басты кейіпкерлері болды.

Бұл жолғы ұсыныс та желіде тез тарап кетті. Бірі жұптың батылдығына таңғалса, енді бірі мұны қауіпті әрі жауапсыз әрекет деп бағалады.

Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл сәтті «кинодағыдай» деп сипаттап, жұптың ерекше махаббат хикаясына тәнті болған. Ал кейбіреулер мұның алдын ала жоспарланған жарнамалық жоба болуы мүмкін екенін жазып жатыр. Олардың айтуынша, жұп ғимарат басына шыққан кезде оқиғаны тікұшақтар мен дрондар түсіріп жүрген.

Тэгтер:

АҚШ