Бас прокуратура онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық фактілері туралы ескерту жасады

Бүгін, 16:44 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы тауарларды онлайн-жеткізумен байланысты алаяқтық деректерінің жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істейді?

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онлайн-шопинг көлемі бойынша ТМД кеңістігіндегі көшбасшылар қатарына енді. «CEOWORLD» онлайн-сервисінің деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың электрондық платформалар арқылы жасаған сатып алуларының үлесі 32%-ды құрады. 

Онлайн-сатып алулар танымалдылығының артуы аясында алаяқтар да белсенділік танытуда. Олар азаматтарға телефон соғып, өздерін курьер, жеткізу қызметінің маманы немесе интернет-дүкендер мен танымал маркетплейстердің қызметкері ретінде таныстырады және олардың атына қандай да бір тауарды жеткізу рәсімделгені туралы хабарлайды. 

Сөйлесу барысында алаяқтар сенімге кіру үшін клиенттің дербес деректерін атауы мүмкін және тапсырысты алу, тауарды жеткізуді растау немесе маркетплейс жүйесінде тапсырыстан бас тарту үшін SMS-хабарламамен келген кодты айтуды сұрайды. 

Егер азамат жеткізілімді күтпейтінін немесе онлайн-сатып алулар жасамағанын түсіндірсе, алаяқтар оған психологиялық қысым көрсетеді: тауардың қоймада ақылы сақталатынын, тапсырыстан бас тартқаны үшін айыппұл салынатынын немесе жеткізуден бас тартуды шұғыл растау қажеттігін хабарлайды. 

SMS-кодты хабарлау арқылы азамат іс жүзінде алаяқтарға өзінің жеке аккаунттарын басқаруға рұқсат береді. Кейіннен алаяқтар ақшалай қаражатты жымқырып, сондай-ақ онлайн-несиелер рәсімдеуі мүмкін. 

Есіңізде болсын!

Маркетплейстердің, жеткізу қызметтерінің және банктердің қызметкерлері телефон арқылы, оның ішінде тауарды жеткізуді растау үшін SMS-кодтарды ешқашан сұрамайды.

Азаматтардан қырғалық танытуды және келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз:

-   SMS-хабарламалармен келген кодтарды ешкімге хабарламау;

- Күдік туындаған жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы маркетплейске тікелей хабарласу;

- Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда, құқық қорғау органдарына жедел түрде жүгіну.

Тэгтер:

алаяқтық