Ұлттық ұланның ерлер хоры кемеде мерекелік концерт қойды

Бүгін, 15:04 / Інжу Әлихан
Ұлттық ұлан

Елорда күні қарсаңында Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері Астана тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше музыкалық акция ұйымдастырды. Ұлттық ұланның ерлер хоры кемемен Есіл өзенінде өнер көрсетіп, мерекелік концерт қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әскери әншілердің сахнасына айналған ақ кеме елорданың басты өзенінен көпшілікке патриоттық шерулер, заманауи композициялар мен қазақ халық шығармаларын паш етті. Қойылымның ерекше форматы жағалауда демалып жүрген қала тұрғындары мен туристердің назарын аударып, жұртшылыққа мерекелік атмосфера сыйлады.

«Құрмет» орденінің иегері майор Бауыржан Мақаевтың домбырада жеке шығармаларын орындауы концерттік бағдарламаның сәнін келтірді. Оның виртуоздық өнері іс-шараға ұлттық дәм беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жағалау бойымен өтіп бара жатқанда адамдар әуезді кемені көргенде тоқтай қалып, ұландықтардың өнерін тамсана тамашалады. Сондай-ақ ұялы телефондарына түсіріп, таныс әуендерді қосыла шырқады. Әскери әртістерді жылы лебізбен, зор қошеметпен қарсы алды. Бұрын-соңды болмаған айрықша концерттік алаң көрермендерді қуантты.

Осындай шығармашылық акциялар Ұлттық ұланның игі дәстүріне айналды. Олар әскери қызметшілердің орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, еліміздің мәдени өміріне белсене қатысып, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің маңызын кеңінен насихаттауда. Әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайта түсуде.

Құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің музыкалық құттықтауы Елорда мен оның тұрғындарын құрметтеудің символына айналды. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сондай-ақ қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындаумен қатар, еліміздің мәдениет саласында отандық өнердің үздік дәстүрлерін сақтауға елеулі үлес қосып келеді.