Шілденің шырайлы таңымен бірге Сарыарқаның төрінде асқақтаған бас қаламыз – Астананың төл мерекесі де келіп жетті. Жиырма сегіз жыл ішінде жарты әлемді өзіне қаратқан заманауи мегаполиске айналған елордамыз бүгінде тек сәулет өнерінің інжу-маржаны ғана емес, еліміздің біртұтас қуаты мен Тәуелсіздігіміздің мызғымас символына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астананы тұрғындар үшін барынша жайлы, жасыл әрі қауіпсіз қалаға айналдыру керек деген жасампаз бастамалары бүгінде әрбір ауданның, әрбір ауланың тыныс-тіршілігінен анық көрініс табуда. Бас қаланың қарашаңырағы саналатын Алматы ауданында атқарылған ауқымды жұмыстар, жаңарған аулалар мен жаңадан бой көтерген қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындарының өмір сапасын жаңа белеске көтерді.
Астананың қалыптасу тарихы – бұл егемен Қазақстанның жаңа дәуірдегі өрлеуі мен жасампаздығының тікелей шежіресі. Есілдің жағасында бой көтерген жас қала аз ғана уақыттың ішінде жаһандық геосаясаттың маңызды орталығына, халықаралық беделді жиындар мен бітімгершілік процестерінің алтын тұғырына айналды. Сәулет өнерінің озық үлгілерін бойына сіңірген елордамыз бүгінде қарқынды урбанизация мен тұрақты дамудың әлемдік үлгісін көрсетіп отыр. Алайда қаланың көркі тек зәулім ғимараттармен ғана өлшенбейді. Қазіргі мегаполистердің негізгі ерекшелігі – оның тұрғындары және сол тұрғындардың еркін қозғалысы мен жайлы демалысына арналған қалалық ортаның қалыптасуы. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы қала» тұжырымдамасы бүгінде Астананы адам танымастай өзгертуде. Қаланың шеткі аймақтары мен орталық бөлігі тең дәрежеде дамып, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі қамтамасыз етілуде. Осы орайда, елорданың ең байырғы әрі халық тығыз қоныстанған Алматы ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы орасан зор. Мұндағы әрбір жоба, әрбір жаңарған аула тұрғындардың игілігіне және Астананың жасыл қала мәртебесін бекіте түсуге бағытталған.
Бүгінде қоғамда мемлекет пен халық арасындағы ашық диалог пен бірлескен шешім қабылдау мәдениеті алдыңғы орынға шықты. Осының жарқын дәлелі – Алматы ауданында сәтті жүзеге асып жатқан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы. Бұл жоба азаматтардың өз ауласын, өз аймағын абаттандыру ісіне тікелей араласуына, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Бағдарлама аясында тұрғындардан жобалық ұсыныстар қабылдау үдерісі жыл басында, дәлірек айтқанда 5 қаңтарға дейін жүргізілді. Аудан белсенділері ерекше құлшыныс танытып, қаралымға жалпы саны 74 жобалық ұсыныс келіп түсті. Түскен өтінімдерді іріктеу және сараптау кезеңі өте мұқият әрі ашық өтті. Арнайы құрылған сарапшылар кеңесінің жұмыс қорытындысы бойынша, 37 жоба бағдарлама талаптарына сай келмегендіктен кері қайтарылды. Оның ішінде өтінімдердің қайталануы, аула аумақтарының автотұрақтардың пайдаланылатын шатырында, яғни пандусты үйлерде орналасуы сияқты техникалық қиындықтар, жер учаскелерінің жеке меншік құқығында болуы, сондай-ақ аталған аулаларда кейінгі бес жыл ішінде мемлекет есебінен кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізіліп үлгергені басты себептер болды.
Осылайша, іріктеуден өткен жобалар халықтық дауыс беру кезеңіне жолдама алды. Әділдік пен теңдікті сақтау мақсатында дауыс беру шарасы үш санат бойынша ұйымдастырылды. Олар 40 пәтерге дейінгі шағын үйлер, қырықтан жүз пәтерге дейінгі орташа үйлер және жүзден астам пәтері бар ірі тұрғын үй кешендері болып бөлінді. Саналы таңдау мен белсенді азаматтық позицияның нәтижесінде, наурыз айының басында өз санаттары бойынша ең көп дауыс жинаған тоғыз аула аумағы ресми түрде жеңімпаз деп танылды.
Сәуірдің бірінен бастап топ жарған жобаларды іске асырудың қызу жұмыстары басталып кетті. Бірақ әкімдік тек жеңімпаз мекенжайлармен ғана шектеліп қалған жоқ. Аудандық комиссиялық тексеру барысында абаттандыруды шұғыл қажет ететін, тозығы жеткен қосымша нысандар да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік сатып алулар мен ішкі ресурстарды оңтайландыру нәтижесінде үнемделген бюджет қаражаты есебінен, дауыс беруде жеңіске жетпесе де, бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін тағы тоғыз аула тізімге қосылды. Қаржыны ұтымды қайта бөлудің арқасында бүгінде Алматы ауданы бойынша бағдарлама аясында 18 аула аумағында абаттандыру жұмыстары толықтай және сапалы аяқталды.
Бұл орайда жеңімпаз атанған Б.Момышұлы даңғылы 16, Қ.Рысқұлбеков көшесі 16 және 6, Күйші Дина көшесі 22, Абылай хан даңғылы 12/2 және 33, М.Жұмабаев даңғылы 16/2, Ғ.Мұстафин көшесі 5/1, Манас көшесі 11/1 мекенжайларындағы аулалар су жаңа кейіпке енді. Ал бюджетті үнемдеу арқылы қосымша бақытқа кенелген Б.Момышұлы даңғылы 17 мен 19, Қ.Рұсқұлбеков көшесі 8А, 4/3, 16А, 11/2, Күйші Дина көшесі 36, Манас көшесі 6 және 8-үйлердің тұрғындары әкімдіктің бұл шешіміне дән риза. Бұған қоса, дәл қазір Бауыржан Момышұлы даңғылы 2, 2а, 2в, Ғ.Мүсірепов көшесі 10/2, Қ.Сәтбаев көшесі 4/1, Абылай хан даңғылы 25/1 және 14, Манас көшесі 11/3, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы 38, Ғабиден Мұстафин көшесі 9 мекенжайларында құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мұның бәрі тұрғындарға жасалған шынайы қамқорлықтың көрінісі.
Аудан аймағындағы бұл оң өзгерістер мен инфрақұрылымдық серпілістің мәні мен мақсаты туралы Астана қаласы «Алматы» ауданы әкімінің аппараты Абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметовтің айтуынша, ауқымды «Жайлы қала» бағдарламасы тұрғындардың мемлекеттік басқару ісіне деген сенімін арттыра түскен. Биыл қаржыны өте үнемді жұмсап, жоспарланғаннан екі есе көп ауланы қамтуға мүмкіндік туғанын айтқан ол, әсіресе, бұрын қараусыз қалған, бос жатқан жерлерді заманауи гүлзарларға айналдыруға басымдық беріп отырғандарын жеткізді. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, экология және балалардың спортпен шұғылдануы тұрақты назарда екенін және барлық нысандарды Астана күні мерекесіне дейін сапалы аяқтап, тұрғындар игілігіне тапсыру үшін Абаттандыру бөлімі барынша күш салып жатқанын, бұл жұмыстар елордамыздың болашақ даму жоспарының алғашқы баспалдақтары ғана екенін алға тартты.
Қазіргі Астананың сәулеттік концепциясында жаяу жүргіншілер мен демалыс аймақтарын дамыту алдыңғы орынға шықты. Биыл Алматы ауданында қала тұрғындарының сүйікті орнына айналатын бірнеше ірі қоғамдық кеңістік пен гүлзар пайдалануға берілді және қайта жаңартылды. Олардың әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен, заманауи ландшафтық дизайнымен көз тартады.
Мәселен, Р.Қошқарбаев даңғылындағы 13 және 15-тұрғын үйлердің арасында бұған дейін қараусыз, бос жатқан үлкен аумақ мүлдем өзгерді. Қазір мұнда заманауи гүлзар бой көтерген. Шаһар көркіне көрік қосқан жоба аясында сапалы тақта тастар төселіп, кең көлемді көлік тұрағы жабдықталды. Балалардың ойын алаңы мен үлкендердің серуендеуіне арналған тыныш демалыс аймақтары бөлініп, күн көзінен қорғайтын екі заманауи көлеңкелі қалқа орнатылды. Сәулеттік шешім ретінде тіреуіш қабырға тұрғызылып, жаңа ыңғайлы орындықтар мен тазалық сақтайтын қоқыс жәшіктері қойылды.
Ауданның мақтанышы саналатын Alma Park биыл толық реконструкциядан өтті. Мұнда жаңа шағын сәулеттік формалар мен заманауи көше жиһаздары қойылды. Балалардың ойын кешендері түбегейлі жаңартылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ескі қоршаулар жөнделіп, қосымша биіктігі бір метрлік жаңа қоршау тұрғызылды. Ең бастысы, салауатты өмір салтын қолдау аясында футбол алаңы күрделі жөндеуден өтіп, су жаңа жасанды көгал төселді, спорт алаңының жиектері сырланып, жарақаттанудан қорғайтын заманауи тартан жабыны салынды.
Қала шетін дамыту концепциясы аясында «Теміржолшылар» тұрғын алабы В.Маяковский және Иманак көшелерінің бойындағы гүлзарлар да қайта жаңғыртылды. Маяковский көшесінде ескі жабындар толық бұзылып, жаңа берік негіз жасалды, тақта тастар төселді. Спорт алаңына жаңа арнайы жабын мерзімінде салынып, ойын сызықтары сызылды. Тұрғындар үшін жайлы демалыс қалқалары тұрғызылды, автотұрақ салынды. Ал Иманак көшесіндегі гүлзарда жаңа көше тренажерлары орнатылып, балалар жақсы көретін үлкен әткеншектер мен тартан жабындары толық қалпына келтірілді.
Манас көшесіндегі 9-үйдің жанында бұрыннан келе жатқан, тозығы жеткен ескі алаңқай толық бұзылып, орнына мүлдем жаңа гүлзар салынды. Мұнда да брусчатка төсеу, балалар ойын аймағы мен көлеңкелі қалқасы бар жайлы демалыс орнын құру жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды. Жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасты. Дәл осындай қалпына келтіру іс-шаралары Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылындағы 17/6 және 24-үйлердің жанындағы қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді. Онда спорт алаңдары жөнделіп, темір конструкциялар сырланды, көгал жабындары жаңартылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктерінің сыртқы бояуы жаңарып, шағын сәулеттік нысандар қалпына келтірілді және тұрғындар демалысы үшін жайлы күрке орнатылды. Сондай-ақ мәдени және тарихи сипаттағы Жалайыр гүлзарында да абаттандыру іс-шаралары өтті. Мұндағы шағын сәулеттік нысандар сырланып, кейбір учаскелердегі тақта тастар қайта төселді. Ерекше ландшафтық дизайн элементі ретінде өлшемі 90×30 см болатын берік жиектастардан қоян бейнесіндегі қызықты лабиринттер орнатылып, гүлзардың эстетикалық және туристік тартымдылығы артты.
Биылғы абаттандыру жұмыстарының ішіндегі ең ауқымды әрі стратегиялық маңызды жоба – Бауыржан Момышұлы даңғылын Қаныш Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі аралықта түбегейлі қайта жаңғырту және жаяу жүргіншілердің жайлылығы мен жасыл инфрақұрылымды дамытуға бағытталған заманауи қоғамдық кеңістік құру.
Жобаның басты философиясы – көлік қозғалысын азайтып, жаяу жүргіншілерге басымдық беру, экологиялық инфрақұрылымды оңтайландыру. Осы мақсатта даңғыл бойында үлкен жасыл дәліз салынуда. Қаланың экологиялық климатын жақсарту үшін рекордтық деңгейде, яғни 915 түп ірі ағаш отырғызылуда. Атап айтқанда, ауаны шаңнан жақсы тазартатын 442 терек, хош иісті 372 жөке ағашы, көктемде құлпырып гүлдейтін 34 мойыл, 29 мәңгі жасыл шырша және суыққа төзімді 38 қарағаш егілуде. Бұл көшеттердің Сарыарқаның қатаң ауа райында қурап қалмауы үшін 10 000 шаршы метр аумақты қамтитын, тамшылатып суаратын заманауи автоматты жергілікті суару жүйесі құрылды.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды урбанистік шешімдер қабылданды. Ibis қонақүйі аялдамасында автобустар кіретін арнайы қалтаны тарылту есебінен жаяу жүргіншілердің күту аймағы кеңейтіліп, қауіпсіздігі барынша артты. Бауыржан Момышұлы даңғылы 4-үйге бұрылатын жолдың ені бұған дейін тар, бес метр болып, үнемі көлік кептелісін тудыратын. Тұрғындардың өтініші бойынша бұл өткелдің ені сегіз метрге дейін кеңейтіліп, мәселе оңтайлы шешілді. Дәл осындай жұмыстар «Тұран» мейрамханасы аялдамасында да жасалып, оған қоса жаңа велосипед жолы қосылды. 4-үйдің бойындағы жаяу жүргіншілер тротуарлары кеңейтіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен арбалы аналар үшін заманауи пандустармен жабдықталды. «Рахмет» сауда үйінің алдында бұрын мүлдем тротуар болмағандықтан, адамдар көлік жолымен жүруге мәжбүр болатын, қазір мұнда қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолы салынды. «Мария» тұрғын үй кешенінде де жаңа баспалдақтар мен пандустар монтаждалды. Жаяу жүргіншілердің жолында заңсыз тұрған немесе кедергі келтірген кәсіпкерлік дүңгіршектер басқа орынға көшірілді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жаңа велосипед жолдары салынып, Ibis қонақүйі, «Астана-Энергосбыт» ғимараты маңында, 16 және 18-үйлердің арасында, сондай-ақ «Байқоңыр» тұрғын үй кешенінің аумағында шағын гүлзарлар мен тыныш демалыс аймақтары бой көтерді. Түнгі уақытта қаланың жарқырап тұруы үшін 273 жаңа жарықтандыру бағанасы орнатылды, оның 111-і көше шамдары болса, 162-сі заманауи саябақ шамдары. Қ.Сәтбаев көшесінің қиылысындағы ұзақ уақыт бойы ешкім игермей, бос жатқан үлкен аумаққа су жаңа гүлзар салынды. Бұл гүлзардың басты ерекшелігі – балаларға арналған ұзындығы он метр, ені сегіз метр болатын «Айдаһар» ірі ойын конструкциясының орнатылуы және ландшафтық дизайнның маңызды элементі ретінде ішіне жасыл желектер интеграцияланған сәндік тіреуіш қабырғалардың тұрғызылуы.
Ең маңыздысы, бұл жөндеу жүргізілетін мекенжайлар тізімі тұрғындардың өздерінен ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен өтініштер негізінде және әкімдік мамандарының аулаларды көзбен аралап тексеруі қорытындысы бойынша түзілді. Бірінші кезекте жұмыстар асфальт жабыны қатты зақымдалып, көліктер мен тұрғындардың қозғалысына айтарлықтай қолайсыздық тудырған учаскелерде жүргізіліп, жоспарланған жұмыс көлемі толығымен орындалды.
Астананың бүгінгі келбеті жай ғана күнтізбедегі мереке емес, бұл – еліміздің жеткен жетістіктері мен болашаққа деген нық сенімінің межесі. Алматы ауданында атқарылған осынау ауқымды абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары елордамыздың әрбір тұрғынының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың жемісі. Бүгінгі Астана заманауи сәулеті мен жайлы қалалық ортасы үндескен, табиғаты жасыл, технологиясы дамыған ақылды қалаға айналды. Аулаларды абаттандыру, жаңа гүлзарлар салу, жасыл дәліздер қалыптастыру арқылы біз болашақ ұрпақ үшін таза, қауіпсіз әрі қолайлы мекен дайындап жатырмыз. Тұрғындардың игілігі мен қуанышы мемлекетіміздің жасампаз саясатының ең басты жемісі болып қалмақ. Елордамыз асқақтай берсін, Астананың туған күні құтты болсын!