Қоғамның өркениеттілігі биік ғимараттарымен немесе заманауи технологияларымен ғана өлшенбейді. Оның шынайы деңгейі әлсізге қалай қарайтынынан, ерекше қажеттілігі бар адамдарға қандай мүмкіндік жасайтынынан көрінеді. Сондықтан бүгінде инклюзивті білім беру мәселесі тек педагогиканың емес, тұтас қоғамның даму көрсеткішіне айналып отыр. Кейінгі жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беру бағытында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Бұрын бұл тақырып көбіне арнайы мектептер мен жекелеген мамандардың құзырындағы мәселе ретінде қарастырылса, бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып келеді. Өйткені қоғамда әрбір баланың сапалы білім алуға құқығы бар деген түсінік біртіндеп орнығуда.
Тарихқа көз жүгіртсек, аутизмге ұшыраған атақты тұлғалар аз болмаған. Олардың қатарында әлемге әйгілі аустралиялық композитор Вольфганг Амадей Моцарт, поляк-француз ғалымы Мария Кюри, өнертапқыш Томас Эдисон сынды танымал тұлғалар болған деседі. Бертін келе «Покемон» сериалының, түрлі ойындардың авторы жапониялық Сатоси Тадзиридің, тіпті Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің «ерекше» екені БАҚ беттерінде бірнеше рет айтылды.
Мәселен, өнертапқыш Томас Эдисонның басынан өткен бұл оқиға бұл дертке ерекше көзқарас қажет екенін меңзегендей. Мектепте оқып жүрген шағында Томас анасына мұғалімінің хатын жеткізеді. Баласының хатын оқығаннан кейін көзінен бір тамшы жас ыршып кетеді. «Сіздің балаңыз – гений. Бұл мектепте сіздің балаңызға лайықты деңгейде білім беріп, бірнәрсеге үйрететін мұғалім жоқ. Өтінемін, оны өзіңіз оқытыңыз», деп дауыстап оқып береді. Арада жылдар өтеді. Анасы қартайып, қайтыс болады. Бұл уақытта Томас Эдисон өз уақытындағы танымал өнертапқыштардың біріне айналады. Бірде ол бала күнінде әкеп берген қағазды тауып алып оқып шығады да анасы секілді көз жасына ерік береді. Шын мәнінде ол хатта былай деп жазылған екен: «Балаңыздың ақыл-есі кем. Енді оның мектебімізде білім алуына жол бермейміз». Осыдан кейін ол өзінің күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі кем адам болған. Бірақ анасының ерлігінің арқасында ұлы данышпандардың біріне айналды», деп жазады. Демек, біздің қоғамға Томас Эдисонның анасындай көзқараспен қарайтын жандар қажет.
Еліміз қандай жағдай
жасап жатыр?
Естеріңізде болса, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүй деді: «Бұрын дәстүрлі педагогикада коррекциялық педагогика сияқты арнайы мамандандырылған бағыттар болған еді. Біз қазір педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіріп шыққан әрбір маманды инклюзияның не екенін білуге тек теориялық форматта емес, кез келген баламен жұмыс істеуге, соның ішінде арнайы талабы бар балалармен жұмыс істеуге дайындауымыз керек екеніне көзіміз жетті. Сол үшін оқу жоспарын түбегейлі өзгерттік. Енді инклюзия принциптері, әдістемесі үйретіледі. Бұрын арнайы бағыттарға үйретілген нәрселер енді жаппай үйретіледі. Ке-лесі жылы сол бағдарламамен оқып жатқан студенттер оқу бітіреді. Әрі қарай нәтижесін көреміз». Бұл мәлімдеме инклюзияның енді жекелеген мамандардың емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауапкершілігіне айналғанын көрсетеді. Яғни, «ерекше балаға» арнайы маман ғана емес, кез келген мұғалім дайын болуға тиіс» деген жаңа парадигма қалыптасып келеді.
Инклюзия туралы сөз болғанда көпшілік ең алдымен пандус, арнайы жабдық немесе ерекше бағдарлама туралы ойлайды. Алайда мамандардың айтуынша, мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Инклюзия – ерекше жағдай жасау емес, қалыпты жағдайды барлық адам үшін қолжетімді ету. Бұл ең алдымен адамның мүмкіндігін диагноз арқылы емес, оның әлеуеті арқылы бағалай білуден басталады. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігі жанынан Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің құрылуы болды. Бұл құрылымдық бөлімшенің мақсаты әр баланың даму ерекшеліктеріне қарамастан сапалы және қолжетімді білім алу құқығын қамтамасыз ету мә-селелерін жүйелі шешу болды. Бір жарым жылдың ішінде атқарылған жұмыстар аз емес. Нормативтік-құқықтық база қайта қаралып, бұрынғыдай фрагменттік сипаттан арылуға талпыныс жасалды. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды бағалаудың бірыңғай тәсілдері ен-гізіліп, қолдау жүйесі біріздендірілді.
Мектептерде арнайы педагог, педагог-ассистент, жеке көмекші сияқты жаңа штат бірліктерінің енгізілуі – формалды емес, нақты қолдаудың көрінісі. Бүгінде мыңдаған бала психологиялық-педагогикалық сүйемелдеумен қамтылып отыр. Үш деңгейлі қолдау моделі енгізіліп, жүздеген арнайы кабинет ашылды. Бұл – инклюзияның қағаз жүзінде ғана емес, практикалық деңгейде де жүзеге аса бастағанын білдіреді.
Дегенмен шешімін күткен мәселелер әлі де аз емес
Сала мамандары өңірлердегі кадр тапшылығын ең өзекті проблемалардың бірі ретінде атайды. Бүгінде көптеген ауылдық аймақта дефектолог, логопед, тьютор, психолог секілді мамандар жетіспейді. Кейбір білім беру ұйымдарында сенсорлық кабинеттер мен арнайы құрал-жабдықтардың тапшылығы байқалады. Бұл балалардың сапалы қолдау алу мүмкіндігін шектейді.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, ең күрделі мәселе инфрақұрылымда емес. Ол – қоғамның көзқарасында. Көп жағдайда ата-аналар да, қоғам да баланың мүмкіндігін оның диагнозымен өлшейді. Ал инклюзияның негізгі мақсаты – дәл осы стереотиптерді бұзу болып табылады. Ерекше білімді қажет ететін оқушы – ең алдымен оқушы. Оның қатарластарымен бірге білім алып, дамуына мүмкіндік жасау қоғамның ортақ міндеті болуға тиіс.
Қазір педагог кадрларды даярлау жүйесінде де өзгерістер жүріп жатыр. Инклюзивті білім беру қағидалары енді тек арнайы мамандарға емес, болашақ мұғалімдердің барлығына оқытылуда. Бұл жаңа көзқарастың қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Яғни, ерекше баламен жұмыс істеу тек бір маманның емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауапкершілігіне айналуда.
Инклюзивті білім беруді зерттеп жүрген маман Лаура Бұтабаеваның Facebook парақшасындағы мына пікірі қоғамның назарын аударуға тұрарлықтай деп ойлаймыз. «Мүмкіндігі шектеулі студент колледжде немесе басқа білім беру ұйымында оқып жүрсе, ол «ерекше жағдай» емес. Ол жай ғана студент. Оның сапалы білім алуы үшін ерекше қарым-қатынас емес, ең алдымен, қажетті жағдайлар жасалуы маңызды. Сонда ол да басқа студенттер сияқты білім алып, дамып, өз мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл қағида күнделікті өмірде де дәл солай.
Мысалы, мүгедектер арбасындағы адам кинотеатрға келсе, бұл – аяушылық танытатын жағдай емес. Ол жай ғана фильм көруге келген көрермен. Сіз креслода отырсыз, ал ол өз арбасында отырып фильм көреді. Егер оған қажетті жағдайлар жасалған болса, ол да бәрімен бірге сол кеңістікте еркін бола алады. Осындай қарапайым дүниелердің өзі инк-люзивті мәдениетті қалыптастырады. Бұл – әртүрлі адамдар қоғамның табиғи бөлігі болып саналатын мәдениет. Сондықтан инклюзия тек мүгедектік туралы мәселе емес. Бұл – қадір-қасиет, құрмет және тең мүмкіндіктер туралы. Ол пандустардан басталмайды, біздің адамға деген көзқарасымыздан басталады», – дейді ол.
Шынында да, мектептегі инклюзия тек білім беру процесімен шектелмейді. Ол – балалардың бір-бірін түсінуі, өзгешелікті қабылдауы, жанашырлық пен құрметті үйренуі. Мұндай ортада өскен бала ертең қоғамдағы әртүрлілікті табиғи құбылыс ретінде қабылдайды. Сондықтан инклюзияны тек мемлекеттік бағдарлама немесе әлеуметтік жоба ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – қоғамның мәдениеті мен құндылықтарының көрсеткіші.
Сонымен қатар халықаралық міндеттемелер де назардан тыс қалған жоқ. БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы аясындағы ұлттық есеп дайындалып, 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасына арнайы бөлім енгізілді. Тіпті, «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды (адамдарды) кешенді қолдау туралы» заң жобасының әзірленуі – білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерін біріктіруге бағытталған маңызды қадам.
Алайда жүйе қанша жетілдірілсе де, оның өміршеңдігі практикамен өлшенеді. Бұл тұрғыда сала ішінде жүрген мамандардың пікірі ерекше маңызды. Өңірлердегі маман тапшылығы – ең өткір проблемалардың бірі. Дефектолог, логопед, тьютор, аватерапевт, психолог сияқты тар бағыттағы мамандар барлық өңірде бірдей қолжетімді емес. Сонымен қатар өңірлерде мектептердің материалдық-техникалық базасы да әркелкі. Кей жерде сенсорлық кабинеттер мен арнайы құрал-жабдықтар жетіспейді. Тағы бір маңызды мәселе – қоғамның көзқарасы. Көп жағдайда ата-аналар да, қоғам да баланың мүмкіндігін диагноз арқылы ғана бағалап, оның әлеуетін елемей жатады. Ал инклюзияның түпкі мәні – дәл осы сте-реотиптерді бұзу.
Жасанды интеллект
сынып үлгерімін
32 пайызға қалай көтерді?
Бүгінде технологияның қарыштап дамығаны сонша, жасанды интеллект тек өндіріс пен ғылымды емес, адам жанының айнасы – білім беру саласын да түбегейлі өзгерте бастады. Осы бағыттағы ең батыл қадамдардың бірі ретінде елімізде тұңғыш рет «TopIQ: Smart Class 2.0» білім беру жобасы іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026-2029 жылдарға арналған орта білім саласына ЖИ-ді кеңінен енгізу туралы тапсырмасы аясында жүзеге асқан бұл қанатқақты жоба елордалық №99 орта мектепте алғашқы жемісін беріп үлгерді. Нәтиже таңғалдырарлық: небәрі екі ай ішінде сынақтан өткен 3-сынып оқушыларының жалпы үлгерімі орташа есеппен 32 пайызға дейін жақсарған.
Жасанды интеллектінің білім саласындағы ең басты миссиясы – инклюзивті орта қалыптастырып, балалардың мүмкіндігіне қарай жеке оқу траекториясын құру. Арнайы алгоритмдер әр оқушының қабілеті мен даму қарқынын дәл талдап, соған сай дербес оқу жоспарын ұсына алады. Мысалы, көру немесе есту қабілеті шектеулі балалар үшін мәтінді дыбысқа айналдыратын, бейнематериалды субтитрмен қамтамасыз ететін жүйелер бүгінде тиімді қолданысқа енді.
Бұл ретте ЖИ негізінде жасалған виртуалды ассистенттер мен чатботтар ерекше балалардың тілдік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға зор септігін тигізуде. Бағдарламадағы эмоцияны тану, сөйлеуді түзету және қарым-қатынасқа үйрету функциялары баланың қоғамға еркін бейімделуіне жол ашады. Ең бастысы, ақпарат бірнеше форматта – мәтін, аудио, бейне және тактильді түрде ұсынылатындықтан, балалардың білімге деген құштарлығы оянып, оқу сапасы жаңа деңгейге көтеріледі.
«Smart Class – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен өзге оқушылардың бір ортада, тең дәрежеде білім алуына мүмкіндік береді. Бұл – жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып құрылған заманауи білім беру ортасы. Сабақ барысында бұл интеллектуалды трансформерді ерекше көңіл бөлуге мұқтаж бала да, басқа бала да бірдей қолдана алады», – дейді «Алматыкітап баспасының» президенті Гауһар Саймасаева.
Сырт көзге отырып сабақ оқуға арналған әдеттегі парта болып көрінгенімен, бұл жиһазды айналдырып жіберсеңіз, алдыңыздан TopIQ оқу платформасы мен Qamqor атты ЖИ көмекшісі біріккен интерактивті цифрлық білім беруші трансформер шығады.
Жүйе мұғалімнің смарт-панелін, интерактивті тақтаны және әр оқушының жеке смарт-партасын бір ортаға тоғыстырады. Мұнда ЖИ мұғалімге таптырмас көмекші құрал ретінде қызмет етеді. Ол оқушының жазу-сызу қарқынын, сабаққа қызығу деңгейін, тіпті шаршау белгілерін автоматты түрде бақылап, қиындық туындаған сәтте ұстазға ескерту жіберіп отырады. Осылайша педагог әр баланың даму ерекшелігін уақытында ескеріп, қолдау көрсете алады.
Сонымен қатар жоба авторлары баланың қауіпсіздігіне баса назар аударған: жүйе оқушының жеке деректерін қорғауға, омыртқаның қисаймауын қадағалауға, жүйке жүйесі мен көз жанарына зиян келтірмеуге бағытталған «Кешенді жоспардың» маңызды талаптарына толық сай келеді.
Цифрлық сыныптың алғашқы нәтижелері ата-аналар мен ұстаздар қауымын шексіз қуанышқа кенелтті. Бала құқығын қорғау күні қарсаңында шығарылған қорытындылар жобаның тиімділігін нақты дәлелдеп берді.
«TopIQ: Smart Class 2.0» – бұл жай ғана технология емес, бұл Қазақстанда мемлекеттік білім алу процесіне толыққанды интеграцияланған, баламасы жоқ ұлттық модель. Мұндай озық жүйелер Сингапур, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты технологиялық алпауыт елдердің мектептерінде ғана жұмыс істеп тұр.
Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа үлкен қолдау бар. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Astana Hub және Bilim Media Group секілді инновациялық орталықтар инклюзивті мектептерге арналған цифрлық шешімдерді әзірлеуде. Сондай-ақ бұл жоба тек бас қаламен шектелмейді. Үй тапсырмасын орындау мен қашықтан оқу процесі TopIQ платформасына біріктірілгендіктен, Smart Class болашақта шалғайдағы ауыл мектептері мен шағын жинақты білім ошақтарының да сұранысын толық өтей алады.
Халықаралық деңгейдегі отандық білім баспасы – «Алматыкітап баспасы» Директорлар Кеңесінің Төрайымы, жобаның идея авторы әрі жетекшісі Элеонора Баталова мен TopIQ IT компаниясы және Астана қаласының әкімдігі бірлесе жүзеге асырған бұл қанатқақты жоба еліміздің барлық мектептеріне енгізіліп, әр баланың сапалы білім алуына жол ашатын күн алыс емес.
Түйін:
Иә, елімізде инклюзивті білім беру жүйесі жылдан-жылға дамып келеді. Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 240 мыңнан астам бала бар. Оның 130 мыңы мектепте білім алса, 80 мыңы жалпы білім беретін ұйымдарда оқиды. Бүгінде еліміздегі мектептердің 91 пайызында инклюзияға арналған базалық жағдай жасалған. 1 000-нан астам қолдау кабинеті ашылып, 29 мыңнан астам маман жұмыс істейді. 7 500 мектептің 1 200-ге жуығында балалардың қажеттілігіне қарай инклюзивті қолдау кабинеттері ашылған. Демек, ілгерілеу бар. Қазақстандағы инклюзивті білім беру жүйесі бүгінде қалыптасу кезеңінен өтіп, сапалық трансформацияға бет алды. Бірақ бұл жолдағы ең үлкен өзгеріс жаңа ғимараттар салудан немесе жаңа құжаттар қабылдаудан басталмайды. Ол адамдардың санасындағы өзгерістен басталады. Өйткені инклюзия – пандус орнату емес, адамның қадір-қасиетін мойындау. Ал мұндай қоғамды қалыптастыруға мемлекет қана емес, әрбір азамат жауапты.
Наурызбек САРША