Мына бір суретті-ай... Әй, біздің Шүкір Шахайдың да шиырламайтын жері жоқ қой. Белгілі фототілші бірде «Қазақконцерттің» залына барыпты. Жай бармапты, концерт көруге келіпті. Сірә, даңқты композитор Әсет Бейсеуовтің шығармашылық кеші өтіп жатса керек. Фариза мен Әсет. Көрнекті ақын өзінен бір жас үлкен ағасына гүл ұсынуда. Әсет болса, едәуір еңкейіп, шайыр қарындасының әкелген гүлін ықыласпен қабылдап тұр. Бұл енді ғаламат сурет! Әрине, бір қарағанда көрнекті композитор ардақты ақынға букет ұсынып жатқан жоқ па деп те топшылауға болады. Бірақ анықтап зер салсаң, олай еместігіне көзіңіз анық жетеді. Біріншіден, кеш Әсеттікі. Демек, гүл де соған тиесілі. Екіншіден, аса мәдениетті эстет Әсет ешқашан гүлді сахнаның үстінен ұсынбас еді, асықпай аяңдап, жерге түсіп бермек. Яғни, апайды отырған орнынан шақырып алмай, сол маңайға өзі апарып арнайы табыстайды. Танымал композитор, шәмшітанушы-продюсер, Фариза апаймен де, Әсет ағамен жақсы араласқан, демек апайтанушы әрі ағайтанушы ізетті ініміз Қалдыбек Құрманәлі екеуміз суретті әрі аударыстырып, бері аударыстырып, Фариза апай Әсет ағаға гүл беріп жатыр деген қорытындыға келдік.
Өр мінез болса да, шын өнерді бағалай білетін Фариза Оңғарсынова дарынды ағасына гүл беріп тұр. Онда тұрған не бар дерсіз? Анығын айтсақ, Фариза апай – гүл атаулыны ер-азамат түгілі әйелдерге де сирек сыйлайтын адам. Сол гүл-пүліңді өзгенің қолынан өзі алуға да аса құштар емес-ау...
Бұл – таланттардың тоғысуы. Дарындардың дидарласуы. Тұлғалардың түйісуі. Үздіктердің үйлесімі. Мықтының мықтыны мойындауы.
Фариза апай Әсет ағамызды ерекше сыйлаған. Шынайы көңілден шексіз қадірлеген. Алдынан кесе өтпеген. Аға ретінде жақсы көрген. Көп ағасынан жоғары қойған. Көпшілік алдында көрсетілген бұл құрмет те – соның белгісі.
Тегінде, Әсет Бейсеуов пен Фариза Оңғарсынованың шуақты шығармашылық бірлестігінен көл-көсір туындылар өмірге келуі керек-ті. Алайда екеуі де «Аз болса
да – саз!» деген қастерлі қағидатты берік ұстанды. Бар-жоғы үш-ақ ән. «Кездесу де – бір бақыт», «Сен қайда жүрсің?» және «Жақсы көру»... Бұл әндердің де тумай кетуі кәдік еді. Әйгілі режиссер Райымбек Сейітметов Жастар мен балалар театрында Фариза Оңғарсынованың өлеңдеріне құрылған ерекше поэтикалық-музыкалық спектакльді қолға алмаса...
1987 жыл. Фариза апайдың «Бақыт пен мұңы». Жұрт театрдың түндігін желпілдетіп отырып көретін керемет кезең. Көрермен дегенің топырлап келіп, топталып тұратын ТЮЗ-да табан тірейтін жер жоқ. Басты рөлдегі Байғали Есенәлі мен Әсел Мәмбетованың бағы жанған күндер. Сол қойылымда Әсет Бейсеуовтің Фаризаның сөзіне жазылған екі әні орындалды. «Кездесу де – бір бақыт» пен «Сен қайда жүрсің?». Бұл әндер театрдың жас артистеріне адам айтқысыз абырой-бедел әкелді. Әдемі де әсерлі әуендер әлі күнге дейін елдің есінде... Біразға дейін белгілі әншілердің репертуарынан түспеді. Қырық жылға таяса да осынау тамаша туындылардың қанаты әзірге тала қойған жоқ.
Әсет пен Фаризаның шығармашылық бірлестігінің үшінші өнімі – «Жақсы көру». Бұл әннің де ғұмыры ұзақ болды. Өлеңін Фариза өрлетсе, әуенін Әсет әуелетсе, ұзақ болмағанда қайтеді?! Санамызға сыналанып, миымызға мөрленіп, жадымызға жатталып қалды:
Өмірің таңдай болса арайлаған,
Қатыгез қараулыққа жолай ма адам?
Біреуді жақсы көрген қандай жақсы –
Нұрланып кетеді екен бар айналаң!
Жақсы көру, жақсы көру,
Не деген керемет ең!
Өмірді сезінуге,
Қуанып көз ілуге
Адамға жақсы көру керек екен!
Ардақты апайымыздың бұл өлеңі Әсет ағасына арналды ма, әлде типтендірілген шартты образ ба, оны анық білмейміз. Біздің білетініміз – Фариза апайдың тапсырмасы бойынша өлеңнің мәтіні жазылған бір бет қағазды Қалдаяқов пен Гоголь көшелерінің қиылысындағы Әсет Бейсеуовтің үйіне сол кездегі «Ақ желкен» журналының жұқалтаң қызметкері, бүгінгі белгілі қаламгер Сәкен Сыбанбайдың апарып бергені. Бұл – есте сақтау қабілеті елді есінен тандыратын Қалдыбек Құрманәлінің дәлелді дерегі. Сөйтіп, «Жақсы көру» әнінің шығуы жолындағы поэтикалық процеске сырбаз Сәкен ініміз де қатысыпты.
Сонымен, «Жақсы көру»... Осы ұлағатты ұғым мына сирек суретті де айшықтайтын сияқты. Ағаның қарындасты, қарындастың ағаны риясыз көңілден жақсы көруі...
Ендеше, сәл-пәл алыстап кетсек, «Сен қайда жүрсің?» деп жақындарымызды іздейік, соларды таба қалсақ, «Кездесу де – бір бақыт» деп қуанайық! Жалпы, бір-бірімізді жақсы көріп жүрейік! Көзі тірісінде күллі жұрт Құдайдай сыйлаған Фариза мен Әсет тағылымы – осы...
Бауыржан ОМАРҰЛЫ