Ақмола облысында найзағай түсіп, екі жерде өрт шықты

Бүгін, 12:25 / Алуа Арман
Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Ақмола облысының Ерейментау ауданында құтқарушылар жалпы аумағы шамамен 75 гектарды қамтыған өртті сөндірді. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқы өрт Тойбай ауылдық округіндегі Елтай ауылы маңында тіркелген. Өрттің жалпы аумағы шамамен 20 гектарды құрады.

Екінші өрт ошағы Бозтал ауылдық округіндегі Бозтал ауылының маңында анықталды. Мұнда жалын шамамен 55 гектар құрғақ өсімдікті шарпыған.

Ведомствоның мәліметінше, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Кейбір жағдайларда өртті сөндіру жұмыстары оқиға орнының ең жақын өрт сөндіру бөлімінен алыс орналасуына байланысты қиындаған.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және Үлеңті ауылындағы «Ауыл құтқарушылары» ерікті құрамасының мүшелері қатысты. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі өрт те толықтай сөндірілді.

Алдын ала ақпарат бойынша, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, өрт қаупі жоғары кезеңде барынша сақ болуды еске салды.

Тэгтер:

Ақмола облысы өрт