Шымкентте автобус жүргізушісі аялдаманы соқты

Бүгін, 11:35 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Шымкент қаласында Алпысбаев көшесінде автобус аялдама павильонына соғылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай, автобус жолдың жүру бөлігінен шығып кетіп, аялдама павильонын қағып кеткен. Оқиға кезінде аялдамада адам болмағандықтан, қоғамдық көлікті күтіп тұрған ешкім зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ автобус жолаушыларына да медициналық көмек қажет болмады.

Алайда бұл оқиға аталған жол учаскесінің қауіпсіздігіне қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Апаттан кейін жергілікті тұрғындар бұл аялдама павильоны бұрыннан-ақ алаңдаушылық тудырып жүргенін айтты.

Тұрғындардың сөзінше, павильон жаяу жүргіншілер жолының бір бөлігін жауып тұратындай етіп орнатылған. Соның салдарынан адамдар аялдаманы айналып өту үшін жолдың шетіне жақындауға мәжбүр болып, жүріп жатқан көліктерге тым жақын жүреді. Тұрғындар осы оқиғадан кейін жауапты мекемелер жол учаскесінің қауіпсіздігін тексеріп, аялдама кешенінің дұрыс орналастырылғанына баға беріп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдайды деп үміттенеді.

Тэгтер:

Шымкент Автобус аялдама