Түркістандық жас өнертапқыштар халықаралық сайыстарға жолдама алды

Бүгін, 10:17 / Інжу Әлихан
Түркістан облысы әкімдігі

Almaty Tech Cup XII халықаралық технофестивалі Түркістан облысы үшін айтулы жеңістерге толы болды. Робототехника, инженерия және жасанды интеллект бағыттарында бақ сынаған өңіріміздің дарынды оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық чемпионаттарға жолдамалар, беделді марапаттар мен университеттердің толық білім гранттарын иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байрақты бәсекеде Қазығұрт ауданының «Qazygurt», Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» және «Barni», Сарыағаш ауданының «SilkWayBots», Түркістан қаласының «33Tur Robotics» пен «TurAndroid» командалары халықаралық чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Сонымен қатар бірқатар командалар FIRST LEGO League бағдарламасының түрлі аталымдары бойынша арнайы марапаттарға ие болып, облыс намысын абыроймен қорғады.

Жарыс қорытындысында Төлеби ауданының «Tólebi Daryn» командасының капитаны Сматилла Нұрислам Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің толық білім грантын жеңіп алса, Қазығұрт ауданындағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейдің оқушысы Давронбек Гүлмира Hour of AI бағыты бойынша үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ жасанды интеллект зерттеу университетінің толық білім грантына ие болды. Сондай-ақ Түркістан қаласының оқушысы Абай Нұрдәулет Бахытұлы RoboCup Soccer бағыты бойынша күміс жүлдені жеңіп алды.

Нәтижесінде Түркістан облысының 6 командасы халықаралық чемпионатқа жолдама алып, 2 оқушы толық білім грантын жеңіп, халықаралық деңгейдегі беделді жарыста өңірдің әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл – оқушылардың табанды еңбегі мен талпынысының, жаттықтырушылар мен жетекшілердің кәсібилігінің және ата-аналардың қолдауының жемісі.

 Түркістан облысының жас инженерлері мен өнертапқыштары алдағы халықаралық чемпионаттарда Қазақстанның көк Туын әлемдік аренада биікке көтеріп, ел абыройын асқақтата беретініне сенім мол.

Тэгтер:

өнертапқыш