Солтүстік Қазақстанда жол апатына түскен жолаушылардың бірі медбикені ұрып-соққан

Бүгін, 06:22 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Солтүстік Қазақстан облысында жол апатына түскендерге алғашқы медициналық қызмет көрсетпек болған медбикені жолаушының бірі соққыға жыққан, деп хабарлайды "Жетінші арна".

Оқиға Шал ақын ауданында орналасқан "Чудесай" өзені маңында тіркелді. Жол жиегіне аударылып қалған "Lada" көлігінің ішінде бірнеше адам болған. Олардың барлығы ішімдік ішкені анықталды.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасының қызметкері көмек көрсетіп жатқан кезде 62 жастағы ер азамат оны жағадан алып, қол-аяғы мен ішінің тұсына бірнеше мәрте соққы жасаған. Бұзақы 20 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.

"Медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап бойынша сезікті аса ірі көлемде айыппұл арқалуы немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзір сот күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу туралы шешім шығарды", - дейді ПД басқармасының бастысы Сергей Табарин.