1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Конституциялық комиссияның құрамында жұмыс істеген Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әрбір тармақтың артында құрғақ заң сөздері емес, миллиондаған адамның тағдыры мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғанын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ата Заңымыз мемлекеттің қандай құндылықтарға сүйенетінін анықтайды. Ертең қандай шешімдер қабылданатынын, балаларымыздың қандай елде өмір сүретінін көрсетеді. Маған Конституциялық комиссияның құрамында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Пікірталас көп болды. Әркімнің өз көзқарасы бар. Бірақ біз ортақ бір мәмілеге келуге тырыстық. Елдің мүддесін іздедік. Әрбір тармақтың артында құрғақ заң сөздері ғана емес, миллиондаған адамның тағдыры мен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік тұрғанын сезіндік.Ұсыныстың бәрі бірдей заңға енген жоқ. Бұл – заңдылық. Ата Заң жазылғанда бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Конституция тек бір топтың немесе бір буынның ғана мүддесін көздейтін құжат бола алмайды. Ол тек қоғамдық келісім мен болашаққа деген ортақ жауапкершілікті сезінгенде ғана мықты болады. Негізгі құжаттың беріктігі де осыған байланысты. Бүгінгі таңда жұрт тек тұрақтылықты ғана емес, әділдікті қалайды. Ертеңгі күнге сенімді болғысы келеді. Өз еңбегіне деген құрметті сезінгісі келеді. Жаңа Конституция жобасы дәл осы талапты бекітуге тырысады», – дейді ол.
Ол сондай-ақ Мемлекет негізінде тұңғыш рет Әділетті Қазақстан мен ынтымақтастық идеясы бекітілгенін атап өтті.
«Мемлекет тек басқарып қана қоймайды. Ол халықтың тұрмыс сапасына жауап береді. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз осы. Енді адамдардың әл-ауқаты экономиканың жанама нәтижесі емес, мемлекет саясатының басты мақсаты болады. Бұл әсіресе қазіргі технология заманында өте маңызды. Автоматизация, цифрлық платформалар, жасанды интеллект – бәрі еңбек нарығын тез өзгертіп жатыр. Конституция мемлекетке жаңа міндет жүктейді. Ол – адамға көмектесу. Жаңа заманға бейімдеу. Қайта оқыту, мамандық ауыстыру, жаңа дағдыларды меңгерту. Бұл — өткен күннің емес, болашақ еңбектің қорғалуы. Мемлекет негізінде тұңғыш рет Әділетті Қазақстан мен ынтымақтастық идеясы бекітіліп жатыр. Еңбек адамы үшін бұл нені білдіреді? Бұл реформалардың мақсаты өзгергенін білдіреді. Егер бұрын реформалар тек экономикалық тиімділікпен өлшенсе, енді әділдікпен өлшенеді. Шешімдер бай мен кедейдің арасын алшақтатпауы керек. Бүкіл тәуекелді жұмысшының мойнына іліп қоюға болмайды. Ынтымақтастық деген – жауапкершілікті бөлісу. Бизнес жұмыс орнын ашады. Жұмысшы адал еңбегімен өнім береді. Ал мемлекет екі жақтың да мүддесін тең ұстайды. Еңбек адамы үшін ең қиыны – табыстың аздығы емес. Ең қиыны – белгісіздік. Ереже кенеттен өзгерсе, кепілдік жоғалса, заң таңдамалы жұмыс істесе, адам қажиды. Енді Конституция тікелей жұмыс істейді. Заңның артқа жүруіне, адам жағдайын нашарлатуға тыйым салынады. Бұл – жаңа сенім. Мемлекеттің уәдесі. «Ереже адамға қарсы өзгермейді» деген сөз. Осыдан кейін ертеңгі күнге сенім ұялайды. Адам өмірін жоспарлай бастайды. Үй алады, бала оқытады. Қорқыныш сейіледі. «Ертең бәрі күрт өзгереді» деген үрей болмайды», – дейді ол.
Спикердің айтуынша, жаңа Конституция тек құқықтар жиынтығы емес, барлық тарапқа жауапкершілік жүктейтін құжат.
«Жұмысшылардың дауысы мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналады. Кәсіподақтар мен еңбек ұжымдары үшін бұл – мәселені жай ғана арыз-шағым деңгейінде қалдырмай, заң деңгейіне көтеру мүмкіндігі. Еңбек қауіпсіздігі, әділ жұмыспен қамту, цифрлық платформаларды реттеу – бәрі осы жерде шешіледі. Конституция адамның құқығын, теңдігін қорғауды күшейтеді. Бұл құрғақ сөз сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ өмірде бұл – еңбек мәдениеті. Адам абыройы заңмен қорғалса, жұмыс орны және жұмыс ортасы да өзгереді. Басшы алдындағы адамға басқаша қарайды. Оның жай ғана «жұмыс күші» емес, құқығы бар азамат екенін түсінеді. Сыйластық орнайды. Жаңа Конституция тек құқықтар жиынтығы еместігін түсінуіміз қажет. Ата заң барлық тарапқа жауапкершілік жүктейді. Мемлекет қорғауға міндеттенеді. Өз кезегінде әр азамат елді дамытуға үлес қосады. Заңды бұзбайды. Салықты уақытында төлейді. Тыныштықты сақтайды. Бұл – бір жақтың ғана талабы емес. Бұл – жалпыға ортақ міндет. Экология, ғылым, білім және жаңа технология – бәрі еңбекпен келеді. Болашақтағы жұмыс орындар бүгін жасалады. Конституция білімге, біліктілікке жол ашады. Енді тек шикізат емес, адамның ақылы мен шеберлігі бағаланады», – дейді ол.