Алматы облысындағы ауданда төтенше жағдай жарияланды

Бүгін, 14:44 / Інжу Әлихан
Алматы облысының әкімдігі

2 шілде күні сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға орнына тиісті қызметтер жедел түрде жіберілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді. Мамандар аумақты тексеріп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Қазір инженерлік және қалпына келтіру жұмыстары кешенді түрде атқарылуда. Жұмысқа барлығы 19 қызметкер мен 14 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Бұл шешім қажетті жұмыстарды жедел жүргізіп, тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Алматы облысының қалған аудандарында жағдай тұрақты.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар Алматы облысының әкімі мен салалық мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.

Тұрғындарды сабыр сақтауға, уәкілетті органдардың ұсыныстарын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз.